Өз ісінің білікті маманы

Өздеріңізге мәлім, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының ақпараттық-медиа байланыс желісі әр аптаның жұма күні бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен және белсенді кәсіподақ мүшелерімен (оның ішінде тәуелсіздік құрдастары мен кәсіподақ ардагерлері де бар) онлайн сұқбат айдарын ұйымдастырып келеді. Мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен қарым-қатынасты нығайтып, белсенділіктерін арттыру.

Онлайн сұқбаттың бүгінгі қонағы – Тамара Исмағұлова. 1965 жылы Орал облысының Камен ауданында дүниеге келген, 1982 жылы Орал мәдени-ағарту училищесін «Кітапханашы- библиограф» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінгі таңда, А.П. Гайдар атындағы облыстық балалар кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінде жоғары санатты маман қызметін атқарады. Жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Соның 15 жылында мекеменің кәсіподақ комитетінде мәдени-бұқаралық сектордың жұмысына жауапты белсенді болып, одан кейін комитеттің өндірістік секторы бойынша жауапты болып келеді. Кітапхана ісінің үздігі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Тамара Мұхамбетжанқызы нағыз еңбек адамы.

Өз сөзінде ол:
– Кәсіподақ – кез келген қызметкердің “Еркіндігіне” кепілдік, көңіл күйіне, жан-жақты қорғалуына екпін беретін ұйым. Біздің ұжымда кәсіподақ ұйымының орны тым бөлек, өзімнің 40 жылға таяған еңбек жолымда кәсіподақ жүйесінің эволюциялық дамуына аз да болса куәгер болдым. Бүгінгі оның жаңашыл бағыты мен батыл қадамдары – еңбек адамының, әсіресе кітапхана саласындағы мамандардың мерейін үстем етуде, ол күні кеше шешімін тауып жатқан жалақы мәселесі, – деді.

Тамара Исмағұлова – кәсіподақ белсендісі, ардагер, білікті маман. Ұжымдағы егде жастағы қызметкерлердің белсенділігін көтеріп, қатысымдылығын арттыру үшін кәсіподақ мүшелері арасында “Денсаулық” челленджіне арқау болған еді.