Бастауыш кәсіподақ ұйымының маңыздылығы талқыланды

27 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақ негізі – бастауыш ұйым» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.

Конференцияға республика бойынша 2019-2021 жылдары құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық филиалдардың төрағалары қатысты.

Конференцияны «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов ашып, 2019-2021 жылдары құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдары туралы кіріспе сөзін сөйлеп, конференция қатысушылары мен қонақтарын 28 сәуір – Әлемдік еңбекті қорғау күнімен құттықтады.

Конференцияның ашылуында барлық қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінекеев құттықтап, конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.

«Келешек» Жастар кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова кәсіподақ жастарымен жүргізіліп жатқан жұмыстары жөнінде хабарлама жасады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметтері, жетістіктері, үлгі тәжірибелері және өзекті мәселелері жөнінде жарыс сөзге 17 адам жазылып, оның 7-уі сөз сөйледі.

Жарыссөзде сөйлеген: Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Сәуле Самарханова «Кәсіподақ комитетінің жүйелі және мақсатты бағытталған ақпараттық жұмысы – жетістіктің жемісі», Ақмола облысының Аршалы аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Татьяна Пристинская «Ұжымдық шарт – кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші арасындағы байланысты нығайтады», Алматы облысының Панфилов ауданы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Багира Жазылбекова «Мемлекеттік қызметте кәсіподақ қозғалысының деңгейін көтеруге бағытталған аудандық кәсіподақ комитетінің жұмыстары», «Жезқазған кенті әкімі аппараты» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Медет Ткенов «Ұжымдағы көңіл-күй – кәсіподақ көшбасшысының ұтымды қызметіне байланысты», Нурин су жүйесі топтамасының «Есіл су» РМК филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Елена Чигодаева «Ұжымдық шарт – кәсіподақ мүшелерінің құқын және көзқарасын қорғаудағы басты құралы», Түркістан облысы Мақтарал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қасымбек Хаметов «Бастауыш кәсіподақ ұйымы – кәсіподақтардың негізі», Қызылорда облысының «Балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгерім Шалбаева «Бастауыштағы Жастар кәсіподақ қозғалысы мен «30 еңбек елшісі» жобасы аясындағы жұмыс» тақырыптарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметтері, жетістіктері, үлгі тәжірибелері және өзекті мәселелері жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Әрі қарай ҚРКФ-ның оқу орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова «Қазақстан Республикасының еңбек заңдылықтарын тәжірибе жүзінде қолдану» тақырыбында оқыту семинарын жүргізіп, түсіндірді және қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берді.

Қорытынды жиында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов 35 кәсіподақ белсенділерін марапаттау туралы өкім қабылдағанын хабарлап, оны төрағаның орынбасары Атақозы Нұрланов награданың атаулары мен награда алушылардың тізімдерін жариялады.

Оның ішінде «ҚЫЗМЕТ» Жезқазған аймақтық филиалы Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінекеев конференцияның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын білдірді.

«Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов барша қатысушылар мен қонақтарға конференцияға уақытын бөліп келгені үшін рахметін айтты. Тәуелсіздік құрдасы, «Жезқазған кенті әкімі аппараты» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы  Медет Ткеновтың жаңа креативті идеялары,ұжымдағы бірлікті нығайтуға арналып,қолданып жүрген тренингтері оң бағасын алды.