«Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясының кейіпкері – Бақытгүл Дәулеткелді

Бақытгүл Дәулеткелді 1991 жылдың 14 ші ақпаны күні Моңғолияның астанасы-Улан-Батор қаласында дүниеге келеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылы оның ата-анасы жер жәннаты Жетісу өңіріне қоныс аударады.

«Ата-бабамыздың кіндік қаны тамып, туған жерімізге оралғанда мен 2 айлық сәби болғанмын. Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Матай Байысов деген ауылға көшіп келдік. Балалық шағым сол керемет ауылда өтті»,-дейді Бақытгүл Дәулеткелді.

Ол 2008 жылы 11-ші сыныпты бітіріп, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» факультетінің студенті атанады.

Б.Дәулеткелді: «Өзімнің туып өскен отбасымда үш ағайындымыз. Мен тұңғышымын. Менен кейін екі інім бар. Әкеміз Дәулеткелді Тулхан бәрімізді мұғалім мамандығына оқытты. Анам Дарияш Хахарман Талдықорғандағы балалар үйінде педагог болып жұмыс істейді. Ризабек дене шынықтыру маманы, Рысбек тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ата-анамыздың тәлім-тәрбиесімен өніп келеміз. Ата-анамның айтуынша, бала кезімізде түрлі ойыншықтармен ойнаудан гөрі қолыма қағаз, қалам алып мұғалім болып ойнаудан жалықпайды екенбіз. Осы арман мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басты мақсатыма айналды да, мұғалім болуды риясыз жақсы көрдім, жан-жүрегіммен шын қаладым».

Бақытгүл 2012 жылы университетті тәмамдаған соң елордаға келіп жұмысқа орналасады. Осында тұрмысқа шығып, бүгінде төрт баланың анасы. Жолдасы Ерболат та 15 жыл мұғалім болып жұмыс жасап, қазір жеке кәсіппен айналысады.

Ата-енесі де педагог саласындағы мамандар, қазір екеуі де зейнеткер. Қайын атасы Сайт Захан білім саласында 45 жыл еңбек етсе, енесі Ахбал Байдолдай 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Олар да ұзақ жылдар кәсіподақ мүшелігінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Бақытгүл білімін шыңдау мақсатымен 2017 жылы Еуразия Ұлттық университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алады. Кейін Минск қаласына барып іс-тәжірибеден өтеді. 2019 жылы Кәсіпқор холдингінің ұйымдастырумен біліктілік арттыру курсынан өтіп, инклюзивті білім беру ұйымдарында білімін жетілдіреді.
Қазіргі таңда Астана халықаралық университетіне қарасты гуманитарлық колледжде мектепке дейінгі оқытушы болып жұмыс жасайды.

«Ата-бабамыздың туған жері –Қазақстанға келгенімізді мақтан тұтамын. Біз киелі мекенде өсіп, біліп алып, қоғамның толыққанды мүшесі атандық. Алдағы уақытта саналы шәкірт тәрбиелеп, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосарыма сенім білдіремін»-, дейді Бақытгүл.