“Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі және еңбекті қорғауды басқарудың жаңа жүйелері тиімділігі, облыс көлеміндегі кәсіпорындардағы тәжірибе нені көрсетеді, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша жауаптылықтарын арттыру мен бірлескен шараларды дамыту бағыттары қандай?” Бұл мәселелер бүгінгі Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған онлайн семинар-кеңес барысында талқыланды.
Семинарға облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы мамандары, облыстық кәсіподақ өкілдері, облыс көлеміндегі ірі, орта кәсіпорындар басшылары мен мамандары қатысты. Семинар модераторы Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Т.Жолымбетов жиында облыстағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша мемлекеттік органмен атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін баяндады. Жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, аймақта өткен жылы еңбек қызметімен байланысты 29 жазатайым жағдай орын алған, оның 4-і топтық жазатайым оқиға. Одан 42 адам зардап шеккен, оның ішінде қаза болғандар саны – 8. Биылғы жылдың 3 айында облыста 12 жазатайым оқиғадан 22 жұмыскер зардап шегіп, оның ішінде 6 адам қаза болды, 16 жұмыскер ауыр дәрежелі дене жарақаттарын алған.
Басқарма басшысы облыстағы кәсіпорындарда «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету, «Халықтық бақылау»орнату жұмыстары бойынша әлі де ақпараттық насихаттың қажеттілігі мен жұмыс берушілердің аталған жобаларға қолдаулары жеткіліксіздігі туралы баса айтты. Семинарда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестерді құру және олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үрдісі жайлы айтты. Кәсіподақ бірлестігі төрағасы жұмыс берушілерді жұмыскерлер үшін мүмкіндігінше қауіпсіз және жайлы жұмыс орыны ұйымдастырылуына бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Семинар кеңесте СКЗ-U ЖШС, «Интергаз орталық Азия» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, «Қамқор-вагон» ЖШС жауапты мамандары еңбектті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша кәсіпорындардағы жұмыс барысы туралы ақпараттарымен бөлісті.