Бастауыш кәсіподақ жетекшісі: Ең қуатты құрал – Ұжымдық шарт

«Кәсіподақ ұйымы жұмысының басты міндеті ауданның білім беру мекемелері қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұжымдағы ахуалды жақсарту болып табылады», – дейді Шыңғырлау аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Үміт Өтебаева.

Аудан бойынша білім бөлімі, 13 орта және негізгі мектеп, 3 бастауыш мектеп, 8 балабақша, саз мектебі, мектептен тыс жұмыс орталығы және туризм-экология орталығы ұжымдары аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағына біріктірілген. Қазіргі таңда, 29 кәсіподақ ұйымында 1240 мүшесі есепте бар (өткен жылы-1223 мүше). Олардың 882-сі әйел, 29 жасқа дейінгі жастары – 193.

Кәсіподақ жетекшісі өз сөзінде кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралының ұжымдық шарт екенін атап өтті.

«Әлеуметтік еңбек қатынастары мәселелерінің басым бөлігі ұжымдық шарттар арқылы реттеледі. Осы мақсатта келісімшарттар Еңбек кодексіне сай құрылып жұмыс берушілер мен кәсіподақтар тарапынан қайта қаралып, келісіліп ұжымдық шартқа карантин кезінде алтыншы – «Еңбекке ақы төлеу және еңбекті нормалау» бөліміне 6.22 тармақша «Тараптар жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер болған жағдайда, жұмысшы кінәсінен болмай, тоқтап тұрған күндері үшін қызметкерлерге толық мөлшерде еңбекақысы төленетіндігімен келіседі» және 7 бөлімі «Тараптар қашықтықтан жұмыс істеу кезінде қажетті жағдайда, жұмыс процесінде коммуникация құралдарын орнату мен оларға қызмет көрсету жөнінде шығыстарды көтере отырып, жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты шығыстардың 1 АЕК мөлшерінде төлейтіндігі келісілді», – дейді ол.

Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап мұғалімдердің тегін медициналық тексеруден өту сұрағы шешілгенін де айтып өтті. Бірлестік төрайымының айтуынша, жылдық жұмыс жоспары негізінде кәсіподақ комитеті ұжымдық шарттардың орындалуын бақылап, оны іске асыру, еңбекті қорғау мақсатында қызметкерлердің аттестациялау жұмыстарына қатысады. Аудандық кәсіподақ комитетінің құрамында 8 адам бар, олардың әрқайсысы өзіне бекітілген жұмысына жауапты. Барлық бастауыш ұйымдарында жастар бірлестіктері құрылып, төрағалары сайланған.

Кәсіподақ ұйымы мүшелеріне жазғы уақытта денсаулықтарын нығайту үшін жыл сайын кезекпен өтініш білдірген мұғалімдерге «Ақжайық», «Сарыағаш», «Зеленый бор» шипажайларына жолдама табысталады.