28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі жастар арасында «Кәсіподақ – қауіпсіз еңбек үшін!» атты пікірсайыс ойындарын өткізді.
Шара барысында жастар алаңында талқыланған қарарлар:
– Еңбек дауларын бейбіт шерулер арқылы шешу ақталмайды;
– Ақы төленбейтін еңбекалды тәжірибелерге тыйым салады;
– Кәсіподақ жұмыстарын одан әрі жетілдірудің, кеңірек насихатталуының тиімді механизмін ұсынады.
Шараның ұйымдастырушысы, 30 еңбек елшісі жобасының жеңімпазы, бүгінгі пікірсайыс алаңының бас төрешісі қызметін атқарған – Ақерке Шайқы өз сөзінде:
– Соңғы жылдары кәсіподақ құрамына ерекше белсенділік әкелу үшін кәсіподақ орталықтары жанынан жастар көшін ұйымдастыру тұрақты жолға қойылған міндеттердің бірі болды. Бұл әрекеттер өзінің нәтижесін беруде деп ойлаймын. Оған мысалдар да көп-ақ. Кәсіподақ ұғымы мен жарғысы, оның стратегиясы мен үндеулері қоғамдағы еңбек етуші барлық топ өкілдерін қамтитындықтан, жастар да бұл тақырыптан алыс емес, – деді.
Ұтымды пікірімен, ұшқыр ойымен топ жарған спикерлер Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы төрайымының алғыс хаттарымен марапатталды.