«Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының» бас дирижері, кәсіподақ мүшесі Ерлан Бейсембаев үлкен қуанышымен бөлісті.
Театрдың жаңа құрамдағы оркестрі Стокгольм қаласында (Швеция Корольдігі) Online түрде өткізілген I халықаралық көп жанрлы орындаушылық өнер және көркем шығармашылық «AURORA» конкурс-фестиваліне қатысып, ГРАН-ПРИ жоғары атағына және бірінші дәрежелі Лауреат атағына ие болды.
«Оркестр байқауда “Балбырауын”, “Қыс”,”Billie jean”, ” Puttin’ on the ritz” шығармаларын орындады. Байқау ағымдағы жылдың 6-7 наурызы күні өтіп, оның қорытындысы үш аптадан соң белгілі болды. Ал Бас жүлденің сертификаты қолымызға енді келді. Бұл театрымыздың және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы керемет тарту»,- дейді бас дирижер Е.Бейсембаев.
Фестивальдің мақсаты – жақын және алыс елдермен мәдени байланыстарын дамыту және нығайту, мәдени алмасуды жандандыру, шығармашылық жұмыс арқылы ұжым басшыларының кәсіби деңгейін арттыру, онлайн-форматта өзара әрекеттесу, тәжірибе алмасу болып табылады.
Байқауға Ресей, Қазақстан, Норвегия, Дания, Италия, Финляндия, Исландия, Литва, Беларусь, Татарстан, Башқұртстан және т.б. елдерден 2000-нан астам өнерпаздар қатысыпты.
«Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының» оркестрі өз тыңдармандарына қазақстандық және әлемдік музыка жауһарларын ұсынып келеді. Қазақстандық музыканың дамуына үлесін қосып, елорданың мәдени өмірінде елеулі орын алады.
Ерлан Бейсембаев «Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында 2004 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Ол өзінің шығармашылық қызметі барысында тынымсыз еңбек етіп, дирижерлік репертуарын жаңартып отырады.Сондай-ақ педагогикалық қызметпен айналысып, көптеген ғылыми еңбектер жазады.
Өнердегі қажырлы еңбегі бағаланып, өткен жылы салалық мәдениет кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет үздігі» медалімен марапатталды.