Медицина қызметкерлерінің еңбек құқығын қорғау мәселесінде түйінді мәселелер баршылық, соның ең өзектісі олардың еңбек қызметтерін орындау кезінде тұрғындар тарапынан келтірілетін зәбірден қорғау мәселесі болып қалып отыр.
Былтырғы жылы Қызылорда қаласы №6 емханасында медициналық тексеруден өтуге келген науқас емхана мейірбикесін соққыға жығып, денсаулығына зиян келтіру жағдайы орын алды. Орын алған жағдай еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиға деп танылып, арнайы тергеп-тексеру нәтижесімен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі тәсілдерін оқытудағы кемшіліктері бойынша кінә дәрежесі белгіленді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Назира Қасымова кәсіподақ өкілінің жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жұмыстарына қатысып, кәсіподақ ұйымы тарапынан оның себептерін жою жөнінде іс-шаралар жүргізілгендігі туралы айтты.
«Емхана мейірбикесінің еңбек құқықтарын қорғадық. Жағдай жан-жақты талданып, талқыланды. Емхана басшылығымен бірлесе жұмыс жасадық, дегенмен заңдылықтардың өзі медицина қызметкерлерін мұндай жағдайларда қорғауда әлсіздігін көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің жауапкершілік жүгі өте ауыр, оны әрбір қызметкер түсінеді. Заңдық жауапкершілікпен қоса, оның құқығы, медицина қызметкерлерінің мәртебесін де ойлауымыз керек. Біздің жағдайда скринингке келген тұрғын мен мейірбике өзара бітімге келіп, түсіністі, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Қызылорда қалалық №6 емхананың бастауыш кәсіподақ ұйым төрағасы Касымова Назира Айдарқызы 27 жыл еңбек өтілі бар, біліктілігі жоғарғы санатты дәрігер болуымен қатар, осы еңбек өтілінің тең жартысында бастауыш кәсіподақ ұйымына төрағалық етеді.
«Емханада бастауыш кәсіподағы ұйымы мен жұмыс беруші арасында ұжымдық шарт қабылданған. 2021 жылдың қаңтар айында медицина қызметкерлерінің жалақысы өсуіне байланысты ұжымдық шартқа толықтырулар енгізілді. Бұл толықтырулар облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «SENIM» кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы және «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған салалық келісімге сүйене отырып жасалды. Емханада Келісім комиссиясы жұмыс жасайды. Комиссия құрамы 6 қызметкерден тұрады, оның 3-еуі кәсіподақ белсенділері, яғни жұмыскерлердің өкілдері. Биылғы жылы келісу комиссиясында 2 рет жеке еңбек дауын қарадық. Кәсіподақ төрағасы ретінде өз қызметімнің басты әрі басым міндеті ол кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтауды бақылау және қорғау деп санаймын», – дейді Назира Қасымова.
Сонымен қатар, қазірде бастауыш ұйым COVID-19 індетінің таралуымен эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты емхананың бас дәрігері мен эпидемиологымен бірлесе қызметкерлердің денсаулығын және қауіпсіз еңбек жағдайларын сақтау жөніндегі жоспарлы іс-шараларды қарқынды жүргізу үстінде.