Кәсіподақ мүшелері Жеңіс күніне арналған қойылым көрсетеді

Елордалық цирк әртістері карантинге байланысты әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Әртістер “онлайн” режимінде цирк жанрлары туралы көптеген танымдық қойылымдар көрсетіп, сүйікті көрермендеріне сұқбат беріп отырады.

Қазіргі уақытта цирк әртістері 9 мамыр Жеңіс күніне арналған қойылымға дайындық жүргізіп жатыр.

«Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде көптеген цирк әртістері тікелей манежден майданға аттанды. Сол кездегі “Дон казактары” ансамблінің ең танымал шабандоздарының бірі, цирк әулетінің негізін қалаушы Михаил Туганов соғыс жарияланған күні өз еркімен майданға кетеді. Цирк әртістері жұмылдыру пункттерінде, вокзалдарда майдан эшелондарын жөнелту алдында, госпитальдарда өнер көрсетті. Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық және қайғылы оқиғалар тарихқа тереңдей түседі, бірақ өз өмірлерін қиған Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған адамдардың есімдері біздің есімізде мәңгі сақталады. Біз батырларымызды еске алу құрметіне цирктің шағын бағдарламасын ұсынғымыз келеді»,-дейді “Астаналық цирктің” әртісі және қосымша режиссері Әйгерім Тілегенова.

Ә.Тілегенова елордалық цирк ашылған күннен бастап өнер көрсетіп келеді. Астаналық цирктің 15 жылдығына орай салалық мәдениет кәсіподағының “Еңбек даңқы” төсбелгісімен және көптеген «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.