Ардагерлерге құрмет – ерлікке тағзым

ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай жылдағы дәстүрмен соғыс жылдарындағы еңбек майданының ардагерлерін сыйлықтармен құттықтап барды. Комбинаттың кәсіподақ комитеті мен Жастар кеңесі ардагерлерге азық-түлік жиынтықтары мен Жеңіс белгісін табыстады.

Мереке қарсаңында 60 адамға сыйлық тарту етілді. Қарттарды құттықтап барған комбинаттықтар қариялармен рухани сұқбат құрып, тебіреністе әңгіме өрбітті. Ардагерлер сұрапыл жылдарда өткен балалық, жастық шақтарын еске алып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күннің қадірін білу керектігін жеткізді.

– Соғыс жылдарындағы балалардың әңгімесін тыңдай отырып, олардың ересектермен иық тіресе еңбек етіп, үлкендерге көмектескендерін, алаңсыз балалық шақтары болмағандығын түсінуге болады, – деді Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрайымы Раушан Бекмуханова. – Оларға қарап, біздің бүгінгі күнімізді, ашық аспанымызды, бақытты өміріміздің барын ұғынамыз. Жыл санап ардагерлердің саны азайып келеді. Олардың теңдессіз ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, ұлықтаймыз. Тыл еңбеккерлеріне де құрметіміз шексіз.

Айман Жолдыбаева – 89 жаста. 10 бала тәрибелеп өсірген, 30 шақты шөбересі бар. Үйіне келген еріктілерді жылы шыраймен қарсы алды. Соғыс жылдарынан кейінгі наубайханада жұмыс істеген кездерін есіне алып, жастарға батасын берді.

Зейнеткерлердің арасында мерейтой иелері де болды. Галина Шарф 10 мамырда 95 жасқа толды. Тоқсанның үстіндегі әжей әлі тың. Майдан жылдарындағы және майданнан кейінгі ұрпақтың жұмысқа төселген, «шағылмайтын жаңғақтай берік» болатынын ол да растады:

– Жастарға тек денсаулық тілеймін!, – деді Галина Ефремовна. – Одан асқан не керек! Бақытты да мәнді ғұмыр кешіңдер!

Акцияны жыл сайын сыйлықтарға қаражат бөле отьрып, кәсіпорынның кәсіподақ комитеті қолдайды. Сонымен қатар, зейнеткерлер жыл бойы назардан тыс қалмайды – ардагерлердің өтініштері мен қажеттіліктері ескеріледі. Жағдайларға байланысты бұл жолы шаралар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өтті.

– Ардагерлердің балаша қуанған сәттерін көру біөзге де тамаша әсер сыйлайды, – деп комбинаттың Ардагерлер кеңесінің төрайымы Наталья Латыпова өз ойымен бөлісті. – Сыйлықтар жеткізу – жылдағы дәстүр әрі әкімшілік барлығына 15 теңгеден карточкаларына ақшалай сыйлық аударады.

Еңбек майданы ардагерлерінде ешқашан өшпейтін жүректерді елжіретер тарихы бар. Соғысты көрген көненің көздеріне қадір-құрметіміз артып, қашан да ерліктеріне тағзым жасау – біздің борышымыз