Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы және Қызылорда қаласының әкімдігі мен жұмыс берушілер арасында өзара түсіністік пен әлеуметтік әріптестікті қамтамасыз ету бағытындағы үш жақты Меморандумға қол қойылды. Шараға аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов, ірі мекемелер мен кәсіпорын басшылары қатысты.
Ынтымақтастық шеңберінде жасалған Меморандумдарда тараптар жұмыскерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесе қызмет атқаруға келісті.
Қызылорда қаласы әкімі Ғанибек Қазантаев еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестердің Меморандумдарға отыруын атқарылатын ауқымды жобалардың бастамасы деп атап өтті. Қала басшысы меморандумға отырған алғашқы 6 мекемеге қазірде қалыптасқан қиын кезеңге қарамастан бұл бастамаға қолдау білдіргендіктері үшін алғысын жеткізді.
Үшжақты Меморандумға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және «Бақ-береке» ЖШС, «Промстройсервис.Е» ЖШС мен Ажар сити, Қызылорда сауда желілері сынды мекеме басшылары қол қойды.