“Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі “Шығыс Қазақстан кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен челленджді қабылдап алып, эстафетаны “Ақмола облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне жолдайды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы «Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясын іске қосты. Аталған акция бойынша Тәуелсіз Қазақстанға өзіндік үлесін қосып жүрген Алматыдан Шымкентке жолдамамен келген жас дәрігермен таныстырғымыз келеді.
Арайлым Аққасова қаладағы онкология және радиология ұлттық зерттеу институтында «онкология» мамандығы бойынша резидентураны бітірген соң халыққа медициналық көмек көрсету үшін арнайы қаладағы онкологиялық орталыққа жіберілген.
Арайлым Серікқалиқызы онкологиялық орталықта онкогинеколог қызметін атқарады. Әйелдер арасындағы қатерлі ісік ауруының ерте сатысында анықтап, дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету дәрігердің негізгі міндеті.
Жас маман қысқа уақыт ішінде халықаралық американдық онкогинекологтар қоғамының мүшесі болып үлгерген. Біліктілігін жетілдіру үшін онкогинекологияның өзекті мәселелеріне арналған түрлі әлемдік деңгейдегі конференциялардан да тыс қалмайды.
«Қатерлі ісік ауруы бар әйелдерге көмектесу арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады. Дәрігер болған соң адамды емдеу, дерттен сауықтыру ең басты міндетім деп білемін. Ракқа шалдыққан әр науқастың көзінен мұңды байқаймын. Сондықтан науқастарды емдеуде жігерлендіру үшін барымды саламын» – дейді жас дәрігер.
Жас та болса өзінің алғырлығымен көзге түскен Арайлым қазір онкологиялық орталықта ішкі аудит қызметінің міндетін қоса атқарады.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта 379 кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ төрағасы – Дінмұхамед Рахманов.