Сәрсенбек Байжанов 1923 жылдың 1 мамырында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Үлгілі елді мекенінде дүниеге келген.
Сталинград шайқасында «Шеңбер» операция¬сына қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», басқа да ордендер мен әскери медальдардың иегері Сәрсенбек Байжанов бүгінде ұрпақтары ортасында 98-ге иек артты.
Жас ұрпаққа шертер әңгімесі, айтар өсиеті сарқылмаған қазыналы қария аракідік домбыраға қосылып ән салып, өзі ойынан шығарған термелерді толғап қоятыны бар. Майдангер қарияның мамандығы – педагог.
Сәрсенбек Байжанов 1942 жылдың 8 наурызында Қызылорда облысы Шиелі қыстағынан 19 жасында соғысқа аттанған, ол 3 ай Алматы қаласында ұрыс тактикасына машықтанғаннан кейін ең сұрапыл соғыс жүріп жатқан Сталинград шайқасына жіберілген. Көзі мен аяғынан жарақат алған майдангер Сәрсенбек Байжанов дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың зардабын тартып, ауыр жарақаттан кейін майданнан елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдарда Сәрсенбек Байжанов колхозда жұмысшы болып еңбек етеді. Білімге құштар Байжанов 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педогогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығын алып шығады. Құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін ол Шиелі ауданында № 156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.
Соғыс ардагері қазірде өткен өмірінен естелік жазады, елге майданнан өлеңмен жазған хаттары да сақтаулы. Қарт ұстаздың жады әлі де мықты, қан майданның тақсіретін тартқандықтан болар, соғыс деректерін жатқа біледі. Оның естелік әңгімелерінде адамгершілік пен еңбекқорлық, адалдық пен руханилық дәріптеледі.
Қарт ұстаз, майдангер Сәрсенбек Байжанов биыл Ұлы Отан Соғысының 76 жылдығын атап өтті. Мереке күндерінде облыстық білім саласы кәсіподақ ұйымы тарапынан ардагерді құттықтау ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді.