«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы ұжымымен кездесті

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының ұжымымен кездесті.

Естеріңізге салып өтейік, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай ұйымдастырылуда. Акция барысында Федерация басшылығы озық тәжірибелерді тарату, саладығы өзекті мәселелерді анықтау, аймақтық кәсіподақ белсенділерін қолдау мақсатында әрбір бастауыш ұйымын виртуалды түрде аралайды.

Бүгінгі кездесуге федерация басшылығымен бірге ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева қатысты.

Алдымен «Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Ирина Аронова облыстағы жағдай туралы баяндап берді.

Шараға қатысушыларға аурухана ахуалы бейне-экскурсия арқылы көрсетілді. Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Аурухана көпсалалы медициналық мекеме, емхана мен стационарлық бөлімнен тұрады. Стационарлық бөлімде 535 төсек бар. Оның құрамына хирургиялық, терапиялық, балаларға арналған соматикалық, акушер-геникологиялық, реабилитациялық, тері-венерологиялық бөлімдер мен лабораториялар кіреді. Мекеме орта есеппен алғанда Рудный қаласы мен жақын жатқан аудандардағы 12 мың пациентке білікті, мамандандырылған, консультациялық, шұғыл және жоспарлы стационарлық медициналық көмек көрсетеді.

Бұдан соң ауруханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ирина Хайруллина ұйымның жұмысы туралы әңгімеледі. Оның сөзінше, кәсіподақ ұйымы 1976 жылы құрылған және «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ алғашқылардың бірі болып құрамына енген. Ауруханада 998 адам жұмыс жасайды. Оның 980-і яғни 89,4 пайызы кәсіподаққа мүше. Әлеуметтік әріптестік аурухананың бас дәрігері Талғат Қайкеновпен жақсы жолға қойылғаны айтылды. 998 қызметкердің 118-і дәрігер, 312-і орта буынды, қалған 568-і кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық қызметкерлер. Олардың 60 %-ы біліктілік санатын алған. Оның ішінде 35%-ының біліктілік санаты жоғары.

Ұжымдық келісім 2021 жылы бекітілген. Онда 2020-2022 жылдарға арналған слалық келісімге сәйкес бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, еңбек демалысына қосымша 6 күнтізбелік демалыс күндері қарастырылған. Қаржылық қолдау, мерекелік шараларды өткізу, ынталандыру төлемдері бар. Сонымен қатар, медциналық кадрларға тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін қаржылық қолдаулар көрсетіледі. Мектепке дейінгі балалары бар еңбек жолын енді бастаған жас мамандарға балабақша ақысы мекеменің бюджеттен тыс кірісі есебінен жабылып отырады.

Бұдан соң аурухана қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарға көшті. Олар негізінен жалақыға қатысты болды. Жалақы мардымсыздығына негізінен кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық қызметкерлер алаңдаулы. Сондықтан олар ҚРКФ басшылығынан осы мәселені шешіп беруді сұрады.

Мәселенің өзектілігі «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының төрайымы Татьяна Булгацевичтің сөзінде де аталып өтті. Оның сөзінше, аталған мекемеде 998 қызметкердің тек 430-ының жалақысы көтерілген, 568-інің жалақысы сол күйінде қалып отыр.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясының аталған мәселені «SENIM» салалық кәсіптік одағы және кәсіподақтар атынан сайланған Мәжіліс депутаттарымен бірге заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілдікті орган – ҚР Парламент деңгейінде жүйелі түрде шешуге кіріскенін еске салды. Әрі ҚРКФ-ның бұл мәселені ұдайы тұрақты түрде бақылауда ұстап отырғанын сонымен қатар, жалақыны біртіндеп көтеру қажет деген ұстанымын әрі қарай да қорғайтынын жеткізді.

Еске салып өтейік, ҚРКФ ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен ұлғайтуды, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауды, жалақыны жыл сайын міндетті түрде индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынуда. Сонымен қатар, жылдар бойы өзгермеген «Базалық лауазымдық жалақы» сияқты тұжырымдаманы ауыстыруды талап етуде.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева аталған мәселенің тек денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін ғана емес, жалпы бюджеттік сала қызметкерлері үшін өзекті екенін атап өтті.

«Бірақ басқа салалармен салыстырғанда денсаулық сақтау саласының жағдайы жақсырақ. Себебі сіздердегі меншік түрі жалақы деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан осы мәселемін Денсаулық сақтау министрлігіне шыққанда олардың шаруашылық жүргізу құқығы бар. Жалақыны бас дәрігердің өзі көтере алады дегенді айтады. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы бар. Яғни бас дәрігердің жалақыны мекеме есебінен көтеруі үшін жалақы қоры жеткілікті болуы керек. Ол қызметтердің тарифтері есебінен құралады. Сіздердің ауруханаларыңыз Рудный қаласындағы жетекші медициналық мекеме. Сондықтан ақша табу жағынан қиындықтар жоқ. Алайда соның өзінде кірістеріңіз техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруге жеткіліксіз. Мен сіздердің кіші буынды медицина қызметкерлерінің жалақысын ұжымдық шарт арқылы көтеріп жатқандарыңызды білемін»,-деді депутат. Ол бұл мәселені жүйелі түрді бұрыннан көтеріп жүргендерін еске салды. «Бұл мәселемен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, экономика, қаржы министрліктері бірлесе кешенді түрде айналысуда. Яғни бюджеттік саладағы басқа да персоналдың жалақысын жаппай индекстеу салаға байланыссыз, кешенді шешіліп жатыр. Қазір бюджеттен қанша қаражат қажет екені есептелуде. Қажетті қаржылық ресурс туралы ақпарат маусым айында болады»,-дегенді айтты Екатерина Смышляева.

Аурухана қызметкерлері коронавируспен күрестің алғы шебінде жүріп еңбекке жарамдылығын жоғалтқан иә болмаса көз жұмған ақ халаттыларға өтемақы төлеу мәселесінің де дұрыс шешім табуына назар аударды.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева бұл мәселенің күрделі екендігін ескертіп, жан-жақты қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Коронавирус жазатайым оқиғаға жатпайды. Кәсіби аурулардың қатарында да жоқ. Бұны біз әділетсіз деп санаймыз. Сіздердің өмірлеріңізді сақтандыру бойынша жұмыс жан-жақты жүгізіліп жатыр. Екі апта бұрын бұны «Нұр Отан» партиясы алаңында талқыладық. Оның сыртында депутаттық сауал жолданған болатын. Денсаулық сақту министрлігінен жауап күтіп отырмыз. Біз Кәсіподақтар федерациясымен коронавирусты жазатайым оқиға қатарына жатқызуға тырысатын боламыз»,-деді Екатерина Смышляева.

«SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының төрайымы Булгацевичтің «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының маңыздылығын атап өтіп, ҚРКФ басшылығының қолдауына ризашылығын білдірді.

«Саладағы өзекті мәселелерді осындай іргелі ұйым арқылы ғана шешуге болады. Біздің жанайқайымыздың ҚР Парламент Мәжілісі деңгейінде талқыланып жатқаны жоғарыдағыларға жеткенін білдіреді әрі бұл біздегі ауызбірлік пен әлеуметтік әріптестіктің жұмыс жасап тұрғанының белгісі»,-деді.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш ұйымның жұмысына жоғары баға берді. Коронавирусқа қарсы күрестегі қажырлы еңбектері үшін аурухана ұжымына федерация басшылығы атынан алғыс айтып, аурухана бас дәрігері Талғат Қайкеновке тиімді әлеуметтік әріптестік үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, «Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының да жоғары деңгейде жұмыс жасап отырғанын атап өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы