Еңбеккер бейнесінде – ұлағатты ұстаз

Әулиеата жерінде, қала берсе оңтүстік аймақта Мираш Саданқызы Бегілдаеваның есімін білмейтін адам кемде-кем. Мираш Саданқызы десек, аймақтағы киелі білім шаңырағы – Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты қатар аталады. Оның өзіндік сыры да бар. Ғұмырының 40 жылдан астам уақытын педагогика саласына арнаған Мираш Саданқызының соңғы 20 жылы осы білім ордасының өсіп-өркендеуіне, оның оқушыларының сапалы білім мен саналы тәрбие алуына арнаған еңбегі шынында да ұшан-теңіз.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай «мектептің жүрегі», ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Мираш Саданқызы жуырда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісінің иегері атанды. Талай шәкірттің жүрегіне жол тауып, елі үшін жан-тәнімен адал қызмет етуге, халқының нағыз патриоты болуға тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың қадір-қасиеті туралы толассыз айтуға болады.

Ұстаздық жол – Мираш Саданқызының өз таңдауы. Мектепті үздік бітіріп, 1979 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетіне құжат тапсырады. Оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, педагогикалық еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл ауданындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып бастайды. Жаңашыл, өз жұмысын жетік білетін талапшыл жас аз ғана уақытта өзінің білім-білігімен, іскерлігімен мектеп, аудан басшылығының сенімін ақтап, міндет үдесінен шыға білді. Сол мектептің бірнеше буынына ұстаздық еткен жас маман Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясына білікті маман, тәжірибелі ұстаз ретінде ауысады. Кейінгі 20 жылдан астам уақыт «Дарын» мектеп-интернатында дәріс беріп келеді.

Мираш Саданқызы тек білікті, тәжірибелі ұстаз ғана емес, білім беру саласындағы түйінді проблемаларды жіті байқап, оны нақты шешу жолдарын тауып, оқу-тәрбие процесінің жандануына ықпал ете алатын көшбасшы. Білікті тәжірибесінің арқасында білім берген шәкірттері республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанып жүр.

Мираш Саданқызы 2004-2018 жылдар аралығында 14 жыл бойы ұжымдағы кәсіподақ мүшелерінің көңілінен шығып, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Кәсіподақ көшбасшысы ретінде ұжым мүшелерінің сауықтырылуын, құқықтық және әлеуметтік қорғалуын, түрлі мәдени-спорттық іс шараларға қатысуын ұйымдастырды. Ұжымда кәсіподақ қозғалысын насихаттау, түсіндіру жұмыстарының негізгі ұйымдастырушысы болды. Осы жылдары «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуы сіңірген еңбектің шынайы бағалануы деп білеміз.

Ұстаздық еңбек жолында Мираш Саданқызы талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, талай асулардан асты. Алайда, ол мехнаты мол осы бір мамандықты таңдағанына, ұстаздық деген ұшы-қиыры жоқ ұлы жолға түскеніне еш өкінген емес.

– Өмірімнің 40 жылға жуығын педагогика саласына арнаппын. Жастармен жұмыс істеу дегеннің рахатын түсінген жанмын. Айналаңдағы жалындаған жастарды көргенде олардың бойындағы жастық жалын, күш-жігер еріксіз сені де алға жетелеп, бойыңдағы бар мүмкіндігіңді жұмсауға жәрдемдеседі. Мектепке, білім саласына арнаған ғұмырымның осы бір бөлігін ешнәрсеге айырбастамас едім. Бүгінгі жастар өте ақылды, қабілетті, тек солардың қабілетін дамытып, дұрыс бағытқа сілтеп, игілігімізге жарата алсақ, қандай бақыт?! – дейді Мираш Саданқызы.