Жалпыреспубликалык «Музейлер шеруі» акциясына Қостанай өңірінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары қатысты

18 – мамыр Халықаралық музей күні. «Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Елжан Сансызбаев атап өткендей, мұражай – ұлтымыздың бұрынғысы мен бүгінгісін, болашақ игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес қазына. Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз.

Мұражай тарихқа деген қызығушылықты оятып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады. Өткеннен қалған тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Осы ретте мұражайдың алар орны ерекше.

Бірнеше мұражайдың бірлесіп өткізіп отырған «Музейлер шеруі» акциясы мұражай жұмысын жандандыра түсетіні хақ. Бүгінгі акция аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдары өңіріміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихын көрсететін Жангелдин ауданынан «Торғай мұражайлар кешенінің» «Торғай елі – тәуелсіздік жылдарында», Амангелді ауданынан «Амангелді мемориалдық музейі» «Тағылымды тарих – тәуелсіз ел шежіресі» атты көрмелерін таныстырды.

Сонымен қатар биыл 180 жылдығы аталып өтіп жатқан ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринге қатысты Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайы «Ұлы даланың ұлы ұстазы» және де бүгінгі халықаралық мұражайлар күніндегі төл мерекемізге орай «Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы» КММ «Арқалық тәуелсіздік таңында» атты көрмесін көрерменге ұсынды.

Мұражай қызметкерлері мен қонақтардың қатысуымен күн соңында Жалпыреспубликалык «Музейлер шеруі» акцияның қорытынды рәсімі өтті. Салтанатты жиында Арқалық қаласының Облыстық дала өлкесі тарихы мұражайы 3 музей басшыларына естелік сыйлықтар мен «Жоғары деңгейде өткізгені үшін» алғыс хаттар табысталды, сонымен бірге қонақтарға да естелік сыйлар ұсынылды.