«Еңбеккер бейнесі» акциясының кейіпкері – Нұргүл Әшімбаева

ҚР Ұлттық музейінің суретші-реставраторы, өз ісінің шебері, бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі Нұргүл Әшімбаева 1960 жылы туған. 1981 жылы Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Талдықорған облысында педагог болып бастаған. 2004 жылдан бастап Президенттік мәдениет орталығының кескіндеме, графика, қағаз бұйымдарын консервациялау және реставрациялау бөлімінде суретші-реставратор болып жұмыс істейді.

2014 жылы ҚР Ұлттық музейі ашылған сәттен бастап Нұргүл Әшімбаева кескіндеме, графика, қағаз бұйымдарын консервациялау және реставрациялау секторының суретші-реставраторы болып жұмыс істей бастады. 2007 және 2015 жылдары Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінде қалпына келтірушілерге арналған біліктілік курстарында тәжірибе алады.

Оның алтын қолынан жүздеген экспонаттар өтті. Көптеген сирек кітаптарды, соның ішінде Құрандарды, ескі газеттерді, хаттарды, грамоталарды қалпына келтірді.

Тарих үшін жоғалған құжаттар мен басылымдарды қалпына келтіру – күрделі және ауыр жұмыс. Нұргүл Әшімбаеваның еңбегі лайықты бағаланып, 2020 жылы «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды. Қазіргі таңда өзінің жинақтаған білімі мен тәжірибесін жас реставраторларға үйретіп келеді.