«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті ұжымымен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.


Бүгінгі кездесуге федерация басшылығымен бірге ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Екатерина Смышляева, Мейрамбек Төлепберген, Берік Бекжанов, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауылов, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ ЖОФ төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникова, «Жамбыл облысы бойынша статистика департаменті» РМУ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботагөз Хамзаева қатысты.
Кездесуді ашқан «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауылов биыл облыста жаңадан 19 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылғанын, олардың қатарына 1591 жұмыскердің тартылғанын жеткізді. Оның айтуынша, облыста салалық кәсіподақтардың 14 филиалы бар. Соның ішінде ең ауқымдысы осы «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалы.
Филиал төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникованың сөзінше, филиал 1940 жылдардың басында құрылған. 80 жылдық тарихында аты өзгергенмен, заты сол күйінде сақталған сала жұмыскерлердің қорғаны. Бүгінгі 334 ұйымның басын біріктіреді, оларға 7303 жұмыскер мүше.
Филиал төрағасы сала өкілдерінің өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Олардың қатарында медицина саласы қызметкерлері еңбекақысының мардымсыздығымен бірге жұмыскерлердің баспана, тұрмыстық қажеттіліктері, демалыс маусымы қызған тұста қалтаға салмақ салмайтындай, тиімді шипажай жолдамаларымен қамту мүмкіндіктері айтылды.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының тарихы 35 жылды құрайды. Ұйым төрайымы Ботагөз Хамзаеваның айтуынша, мүшелерінің саны 177. Оның 132-і мемлекеттік қызметшілер, 45-і штаттан тыс мамандар (техникалық персонал).
12 кәсіподақ белсенділерінен тұратын бастауыш ұйымның кәсіподақ комитеті өз жұмысын «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалымен тығыз байланыста жүргізеді. 2020-2022 жылдарға арналған ұжымдық келісімге сай кәсіподақ мүшелері түрлі әлеуметтік қолдаулармен қамтамасыз етілген.
«Материалдық көмек мәселесіне Филиал басшылығы мен кәсіподақ комитеті тарапынан көп көңіл бөлінеді. Кәсіподақ комитеті кәсіподақтың облыстық бюджеті мен өз қаражаты есебінен ауыр науқастанғанда емделуге, туған-туысы қайтыс болуына байланысты және «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған қызметкерлерге, сонымен қатар ҰОС ардагерлеріне, коронавирус пандемиясы кезінде қиын жағдайға тап болған қызметкерлерге материалдық көмек көрсетеді»,- деді Ботагөз Хамзаева.
Бұдан соң кәсіподақ мүшелері өздерін мазалаған өзекті мәселелерді көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2020 жылғы Жолдауында Мемлекеттік аппаратжәне квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырып, үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтеміз деген болатын. Алайда қысқарту басталғанымен жалақы өскен жоқ сондықтан осы мәселенің басын ашып берсеңіздер деді ұжым өкілдері. Бұнымен қоса, олар техникалық қызметкерлерге еңбек демалысына шыққан кездегі сауықтыру жәрдемақысының қарастырылмағанын айтып, федерация басшылығы мен депутаттардан бұл мәселенің Еңбек кодексі арқылы шешілуіне ат салысуды сұрады.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына осы өңірден сайланған әрі 2017-2021 жылдары «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігін басқарған Мейрамбек Төлепберген қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеу туралы заң жобасына тоқталды. Аталған заң жобасын Мәжіліс осы аптада мақұлдаған болатын. Жалпы отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасының мақсаты қашықтықтан жұмыс істеуді заман ағымының талабына сай жетілдіру мен реттеу.
«Бұл жаңалықты тілге тиек етуімнің себебі кәсіподақ белсенділерінің назарын еңбек шартын құрарда Еңбек кодексіне енгізілгелі отырған осы өзгерістерді назарға алуды ескерту»,-деді Мейрамбек Төлепберген.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов Әлеуметтік кодекс пен «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасының маңызы туралы айта келе, оларды әзірлеуге кәсіподақтардың да араласу қажеттігін атап өтті.
«Біз сіздерден аталған маңызды құжаттарға байланысты тың ой-пікірлер күтеміз. Әсіресе жергілікті жерлердегі кәсіподақтар өкілдері белсенділік танытуы тиіс. Аталған заң жобасы алдағы аптада өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде арнайы дөңгел үстелде талқыға салынатын болады. Кәсіподақтар – қоғамдық бақылаушы әрі Еңбек Адамының жанашыры. Сондықтан өздеріңізбен күш біріктіреміз деген үміттемін»,- деді Берік Бекжанов.


ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы қатысты қойылған сауалға жаңа жүйе туралы тарқатып айтып берді.
«Жаңа жүйе қазір сынамадан өткізілуде. Ол факторлық-балдық жүйеге негізделген. Осыған сәйкес еңбекақы екі көрсеткіш яғни еңбек өтілі мен атқаратын лауазымына қарай беріледі. Жаңа жүйе биыл іске қосылады. Ал техникалық қызметкерлерге қатысты қойылған сауалға келсек, бұл жалпы бюджеттік саланың барлығына тән жағдай. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біріңғай жүйені қарастыруда, қаржыға қатысты министрліктер өз есептерін жүргізуде. Осы акция аясында бастауыш ұйымдар тарапынан жиі көтерілетін мәселе. Сондықтан күн тәртібінде тұр, бақылауға алдық. Құзырлы мемлекеттік органдарға ұсыныстар да жібердік. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесін ҚРКФ арқылы хабардар ететін боламыз»,-деді Екатерина Смышляева.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ ЖОФ мен «Жамбыл облысы бойынша статистика департаменті» РМУ бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына жоғары баға беріп, бүгінгі кездесу үшін алғысын айтты.
Бас кеңесте ҚРКФ меншігін иелену, қолдану және басқару Ережелері қабылданғанын және бұл Кәсіподақтар федерациясының 30 жылдық тарихында тұңғыш рет жасалған қадам екенін атап өтіп, өңірдегі кәсіподақ мүшелерін демалыс маусымында кәсіподақ шиапажайларына бағасы тиімді жолдамамен қамту мәселесін салалық кәсіподақ арқылы шипажай басшылықтарымен тікелей шешуге болатынын ескертті. Әрі осы мәселені тікелей өз бақылауына алуға уәде берді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы