Еңбек жолын бір салаға арнаған маман

Мұқамбетқалиева Айсұлу Бекешқызы 1961 жылдың 14 желтоқсан күні, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе селосында дүниеге келген. 1968-1978 жылдары Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде білім алып, 1982 жылы Ақтөбе медицина учелищесін мейірбике мамандығы бойынша аяқтады. Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Қаратөбе аудандық ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертханасында зертханашы, қосымша салауатты өмір салты кабинетінің маманы болып бастап, бүгінгі күнге дейін табанды еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ, Айсұлу Бекешқызы 2007 жылдан бері Қаратөбе аудандық аурухана қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қызмет атқарады. Оның денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі 39 жылды құрайды. Бір салада табанды, елеулі еңбек еткені үшін 2020 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен де марапатталған болатын. Кәсіподақ ардагері 2007 жылдан бастап кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланғанымен, жалпы кәсіподақтар қозғалысына 1982 жылдан бері белсенді араласып келеді. 2014 жылы «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, Айсұлу Бекешқызы жетекшілік жасайтын ШЖҚ МКК «Қаратөбе аудандық аурухана» жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымында 250-ге жуық кәсіподақ мүшесі бар. Аталмыш кәсіподақ ұйымы тұрақты түрде еңбек ұжымындағы көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған қызметкерлерге, денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт жұмысынан қол үзген кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмектер көрсетеді. Сондай-ақ, «Д» есепте тұратын созылмалы аурулары бар қызметкерлерге де қажетті гуманитарлық-материалдық қолдаулар көрсетіп отырады.

Өз сөзінде кәсіподақ белсендісі:
Денсаулық сақтау саласында жұмыс жасайтындықтан болар, қызметкерлерді денсаулықтарын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды әдетімізге айналдырдық. Бұл орайда, кәсіподақ атынан үнемі спорттық шараларды ұйымдастырып, кәсіподақ мүшелерінің әрбір спорттық бастамаларына қолдау білдіріп отырамыз. Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымымыз маман сапасын арттыруға, еңбеккердің лайықты еңбегін бағалауға, ынталандыруға көбірек жұмыстар атқарады. Оған дәлел тұрақты түрде өтетін «Үздік дәрігер», «Үздік мейірбике», «Үздік акушерка»,»Үздік фельдшер», «Үздік зертханашы», «Үздік жұмыс орны», «Аурухана аруы», «Пациент алғысы» секілді сайыстардың оздырылуы, – дейді.