Мамыр айының аяғы білім саласы қызметкерлері үшін оқу жылының қорытындысы жасалып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттермен қатар ұзақ жылдар қызмет еткен мамандарды да зейнеткерлікке шығарып, еңбектерін бағалап, сый-құрметке бөлейтін уақыт. Дәл сондай құттықтаулардың бірі – Орал қалалық №37 ЖОББМ ұжымында өткізілді.
Аталмыш мектептен биыл тоғыз маман зейнеткерлікке шығуда. Ардагер ұстаздардың бәрі кәсіподақ комитетінің мүшелері болып табылады. Олар: орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері – Құрмет Хайрушева мен Сапура Жанатарова, дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі – Сайлау Жанатаров, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері – Үміт Бажикова мен Халима Мақсотова, физика пәнінің мұғалімі – Майра Мерғалиева мен директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары – Гүлжахан Тұрғанбекова және мекеме күзетшісі – Серік Есетов пен зертханашы – Гүлсара Мажитова еді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – Іңкәр Василевскаяның жетекшілігімен ардагерлерге салтанатты құттықтау шарасы ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Кәсіподақ комитетінде ұзақ жылдар бойы мүшелік еткен мамандарға «Еңбек ардагері», «Ардагер ұстаз» деген аталымдар беріліп, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы – Марат Даупаевтың атынан «Құрмет грамотасы» марапаттары мен алғыс хаттар табысталды. №37 ЖОББМ-ның сатылап даму кезеңдеріне куә болған, білім беру мекемелері қызметкерлерінің лайықты еңбек жағдайының қолжетімділігі жолында елеулі еңбек етіп, еңбек заңдылықтары мен ұжымдық шарттың жан-жақты реформалануына үлес қосқан ардагер мамандар мектеп басшылығы мен кәсіподақ ұйымына өздерінің алғыс-тілектерін жеткізді.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда аталмыш мектеп ұжымында 185-ке жуық маман қызмет ететін болса, оның барлығы дерлік кәсіподақ мүшелері болып табылады.