Еңбеккер бейнесінде – Бердібековтар әулеті

Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығаруға үлес қосып келе жатқан ұстаздар династиясы – Бердібековтар отбасы.

Әулеттегі алғашқы ұстаз – Бердібеков Қуантай Асанғалиұлы. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында өмірге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа тұс келсе де мектепті жақсы аяқтап, Орал қаласындағы педагогикалық институттың физика факультетін бітірген. Еңбек жолын Мұғалжар ауданында физика-математика пәні мұғалімі болып бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметтерін абыроймен атқарып, үлкен жетістіктерге жеткен. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ,«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Жұбайы Бердібекова Сәбиля екеуі он баланы тәрбиелеп өсірді. Балаларының төртеуі әке жолын жалғастырып, педагогика саласын таңдаған.

Әкесінің жолын қуып мұғалімдікті таңдаған перзенттерінің бірі- Бердібеков Сапарғали Куантайұлы. Сапарғали Куантайұлы Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы № 49 орта мектебінде білім алған. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, алдымен М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша білім алады. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Дене шынықтыру және спорт» факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Ембі қаласындағы ПТУ-18 училищесінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бастаған. Әр жылдары осы қаладағы № 49, № 3 орта мектептерінде дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді. 2017–2018 жылдар аралығында Қаз ССР 30 жылдығы негізгі мектебіне, 2018 жылдан бастап Қандыағаш қаласындағы №5 орта мектебіне басшылық етіп келеді. Сапарғали Куантайұлының жұбайы Бакишева Жанаргүл Ізтұрғанқызы да ұстаз. Жоғары санатты ұстаз Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Бердібекова Батима Қуантайқызы Ақтөбе қаласында білім саласында 40 жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Бердібекова Фарида Қуантайқызы балалар өнер мектебінде 30 жыл домбыра аспабынан сабақ берген, оркестр жетекшісі. Бердібекова Лаура Қуантайқызы облысымызда білім, мәдениет салаларында жан-жақты қызмет атқарып жүрген белсенді қоғам мүшесі.

Ия, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген осы болар, сірә. Ұяда көргенін қияда самғатып, ұстаздық қызметті мойнына міндеттеп, атқарып жүрген ұлағатты ұстаздар әулеті осындай!