Белсенділік танытуға шақырды

Бүгін елордалық салалық кәсіподақтар құрылымы өкілдерінің қатысуымен өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің қызметін рейтингтік бағалау ережелері туралы айтылды.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов рейтингті бағалаудың негізгі критерийлеріне тоқталды. Соның ішінде бағалануға кіретін жергілікті және бастауыш кәсіподақтар ұйымдарын құру мәселесі қаралды.

Жыл басынан бері елордада әртүрлі саладағы 8 бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша “ҚЫЗМЕТ” Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің кәсіподақтарын құру жөнінде жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Т.Күнәділов жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді ұсынды.

Одан әрі күн тәртібіне сәйкес, Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Осы акция шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы ағымдағы жылдың 14 мамырында Кәсіподақтар федерациясының төрағасының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің “Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі” КММ-нің еңбек ұжымымен онлайн кездесуін өткізді.

Сонымен қатар, «Астана Зеленстрой» ЖШС, «ҚТЖ ҰК АҚ «Жол диагностикасы орталығы» филиалы, «Астана Су арнасы» МКК және «Астаналық Цирк» МКҚК еңбек ұжымдарымен оффлайн кездесулер өткізу жоспарлануда.

Отырыста Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылын» өткізу аясындағы іс-шараларға белсенділік танытуға шақырды.

Үйлестіру кеңесіне қатысушылар кәсіподақтар қызметін жандандыру жөнінде өз ұсыныстарын жеткізіп, пікір алысты.