Жол қозғалысындағы қауіпсіздік ережелері оқытылды

“№1 автобус паркі” АҚ жергілікті кәсіподағының төрағасы Байзақ Рыспеков жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыру бойынша күн сайын кәсіпорын әкімшілігімен, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мамандарымен бірлесе жұмыс жүргізеді.

Қозғалыс қауіпсіздігі – бұл кәсіпорынның басым міндеттерінің бірі. Осыған байланысты жаңадан қабылданған жүргізушілерді даярлауға ерекше көңіл бөлінеді,-дейді Б.Рыспеков.

Кәсіпорында сабақ жүргізуге арналған арнайы сынып жасақталған. Сабақты оқу инженері, штаттық психолог, фельдшер, жол қозғалысы қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімдерінің мамандары жүргізеді.

Жаңа қабылданған жүргізушілерге жылжымалы құрамның құрылымдық ерекшеліктері, белгіленген ережелер мен нормалардың сақталуы, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті, алғашқы медициналық көмек көрсету туралы ақпарат беріледі.

Сондай-ақ, тәжірибелі жүргізуші-нұсқаушысы бар арнайы автобус бөлінген. Тағылымдамадан өтушілердің қала іші мен маңындағы маршруттық желіде жүргізу дағдылары тексеріледі және жол ақысын электронды түрде төлеуге арналған қондырғыларды пайдалану жұмыс жүйесі зерделенеді.

Бұл шаралардың барлығы дайындалған жүргізушілерді маршруттарға жіберуге мүмкіндік береді және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді.