Қала әкіміне кәсіподақ жастары жұмыссыздық мәселесі аясында ұсыныс айтты

Қазіргі таңда жастарды ұйымдастыру іс-шаралары ашықтық пен жариялылыққа, еркін көзқарас пен пікір алмасуға бағыт алып келеді. Бұл орайда, 2021 жылдың 27 мамыр күні Батыс Қазақстан облысының белсенді жастарының, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының, кәсіподақ жастарының, жас кәсіпкерлердің, ақын-әртістердің қатысуымен «Орал жастар көзімен» атты ашық аспан аясында Орал қаласының әкімі Абат Абайұлымен кездесу өтті. Қала басшысы белсенді жастардан шаһардың әрі қарай жандануына, жастар мәселесінің түйіткілді сұрақтарын шешуге бірлесе ат салысуға шақырды. Кездесу барысында жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық туралы да сөз болды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің өкілі айтты.

Кәсіподақ жастары қала әкіміне:

– Жастар жұмыссыздығының басты себебі – жұмыстың жоқтығы емес, тұрақсыз жұмыстың көптігінен деп ойлаймыз. Бұл орайда мәселені көтеріп қана қоймай, механизмін қатар ұсынуды жөн көрдік. Қазіргі жастар төмен жалақыда еңбек еткісі келмейді, алған дипломдарымен жұмыс жасағысы келмейтіні тағы бар. Бірақ, бұл мәселемен Орал аумағында күресу оңайырақ деп білеміз. Бүгінгі күні шетелдік, ұлттық кәсіпорындар жас мамандарды дипломдарына емес, көшбасшылық, ұйымдастырушылық, ептілік дағдыларына қарай жұмысқа тартуда. Ол үшін арнайы «Жас өркен», «Ізбасар» секілді кәсіпорын жанынан тәжірибелік бағдарламалар ұйымдастыруды. Нәтижесінде жастарды жұмысқа алады. Ал, біз білеміз ең ірі мұнай компаниялардың бірі – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» біздің өңірде орналасқан және әр жыл сайын аумақтың инфрақұрылымына инвестиция құяды. Осы орайда, аталмыш жұмыспен қамту бағдарламаларын сол компания арқылы жүзеге асыру ұсынысын білдіреміз, – деді.

Қала басшысы жастар ұсыныстарына өзінің ризашылығын жеткізіп, кәсіподақ жастарының көтерген мәселесін қарастыратындығын жеткізді.