Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет

“Ардагерлерді ардақтайық” партиялық жобасы аясында Алматы қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек ардагерлеріне, мерейтой иелеріне үлкен көңіл бөледі.

2020-2021 оқу жылы үздік оқиғалар, дәстүрлі даталарға толы мерейлі жыл болды деп айтуға болады.

«Көпшіліктен береке кетпес, берекелі жерден мереке кетпес» демекші, Алматы қаласы Алмалы ауданы № 67 жалпы білім беретін мектепте де өзгермелі, айтулы, мерейлі күндерді атап өту рәсімдері болып тұрады. Жыл ішінде бірнеше мерекелі күндер, қуанышты сәттерді ұмытылмастай етіп, ұжым мүшелерінің есінде қалатындай жарқын, шуақты етуге тырысып жүрген – мектептің кәсіподақ ұйымы.

Ұлттық, мемлекеттік, кәсіби, төл мерекелердің сәнін келтіріп, барынша ұмытылмас естеліктер сыйлағаны үшін мектеп кәсіподағы зор ықыласқа бөленді. Мектепте 25-30 жылдан астам уақыт жұмыс жасаған аяулы ұстаздар мен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген күзетшіні үлкен құрметпен демалысқа шығарып салды. 30 жас, 40 жас, 50 жас төл мерекелерін атап өту үшін мектептің қамқор вахтерін, алтын қолды сантехнигін, дарынды да талантты қазақ тілі пәнінің мұғалімін естелік сыйлықтармен қуантып, дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тіледі. «Өзгелер үшін еңбек еткен адам, олардың қуанышына да ортақтасады», – деп ұжымға барынша қамқорлық көрсетіледі.