Ақтөбеде қала күніне орай «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге қала және Ырғыз, Алға аудандарының кәсіпкерлері өз өнімдерін әкелді.
Базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылған өнімді жұртшылық тез алып кетті. Мәселен, Ырғыз ауданынан келген «Наурыз-Cим» серіктестігінің өкілі Марлен Сәрсенбаев екі тонна балық әкеліпті. Алға ауданынан келген «Реймқұл», «Ақжол», «Разия», «Еркін күш», «Таңшолпан» шаруа қожалықтары сиыр етін 1700 теңгеден сатты. Бұндай жәрмеңке қаланың Тұрғындар қалашығы, «Нұр Ақтөбе» аудандарында және «Рамазан» серіктестігінің дүкендерінде ұйымдастырылды.