«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» филиалының еңбек ұжымымен кездесті

ҚРКФ  төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» филиалындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

«Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су»  филиалы  Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 190 мың тұрғынын ауыз сумен қамтып отырған мекеме. Ұйым төрайымы Елена Чигодаеваның айтуынша,   бастауыш кәсіподақ ұйымы 2001 жылы құрылған. 2019 жылдан бері «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының құрамында. Жұмыскерлер саны – 680. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 678. 2019-2024 жылдар арналған ұжымдық келісім талаптары жұмыс берушінің де жұмыскерлердің де тарапынан толыққанды орындалып отыр. Келісім аясында жұмыскерлер үшін лайықты еңбек жағдайы жасалып, түрлі әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Кәсіподақ комитетінің мүшесі, қауіпсіздік және еңбекті қорғау инженері Бақыт Теміртасова еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, техникалық инспектордың рөлін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, 2021 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау  іс-шараларына 14 миллионға жуық қаржы қарастырылған.

Кәсіпорынның екі облыс аумағындағы аудандарда 4 қауіпсіздік учаскесі бар.  Ең ірісі – Булаев өндірістік учаскесі. Осындағы кәсіподақ комитетінің жұмысы туралы оның төрағасы Андрей Пак. Участіктегі 225 жұмыскердің барлығы кәсіподаққа мүше.

«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Темірғали Әбілмажанов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?»  акциясының жергілікті жерлердегі кәсіподақ мүшелері үшін маңызын атай келе,  бастама үшін Кәсіподақтар федерациясының басшылығына алғысын білдірді.  Аталған салалық кәсіподақтың облыстық филиалына  5920 жұмыскердің басын біріктіріп отырған 279 бастауыш кәсіподақ ұйымы қарайды. Филиал төрағасы  кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қолдауға қатысты көкейтесті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, ол еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауға, соның ішінде базалық лауазымдық жалақыны ең төменгі жалақыға ауыстыру, ең төменгі жалақыны орташа жалақының жартысына теңестіру,  жалақыны еңбек өтіліне байланысты саралау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, федерация басшылығынан әлеуметтік қолдау саласында жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланатын барлық қызметкерлерге 1 айға тарифтік ставка (жалақы) мөлшерінде сауықтыру төлемдерін төлеу, коронавирус  немесе пневмония салдарынан уақытша еңбекке жарамсыздығы үшін қызметкердің орташа жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төлеу (бүгінде айына 15 АЕК-тен (1 АЕК – 2919 теңге) аспайтын лимит бар, ол айына 43755 теңгені құрайды), тұрғын үй сатып алудың қол жетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй жағдайын жақсарту,  ПТР тестін тапсыру кезінде шығындарды белгілеу үшін ерекше жағдайларды (балалардың жазғы демалысы, іссапардан оралуы, ұзақ науқастанғаннан кейін) ескеру мәселелерін шешуге ат салысуды және кәсіподақ мүшелері үшін  кәсіподақ шипажайларына 15%  иә болмаса 20% жеңілдік жасауға көмектесуді сұрады.

Бастауыш ұйыммен кездесуге шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіруге байланысты Кәсіподақтар Федерациясымен бірге ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, бүгін көтерілген мәселелердің ешқайсы да парламентшілердің назарынан тыс қалмайды деп сендірді.

Өз кезегінде «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов Солтүстік Қазақстан облысындағы филиал төрағасының сөзін қуаттай келе,  «жарналарды аудару бойынша біздің салалық кәсіподақ өзінің жарғылық талабын 127 %-ға орындады. Бұны еске салып отырған себебім өз жарғылық талаптарын артығымен орындап отырған салалық кәсіподақтарға 15-20% жеңілдік болуы тиіс» деген ұсынысын жеткізді.

Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар үшін ең өзекті мәселе базалық лауазымдық жалақы екенін атап,  бұл мәселені   «салалық кәсіподақ, Кәсіподақтар федерациясы және кәсіподақтардың Парламент Мәжілісіндегі «бейресми фракциясымен» бірігіп шешеміз», – дегенді айтты.

Кездесуді қорытындылаған федерациясы төрағасының бірінші орынбасары бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары бағалап, «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ мен оның Солтүстік Қазақстан облысындағы филиал басшылығына кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру және федерацияға жарналарды аудару бойынша жарғылық міндеттерді артығымен  орындап отырғаны үшін ризашылығын білдірді. Мұхтар Тінікеев еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселелері Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында қарастырылғанын және ҚРКФ-ның күн тәртібінде екенін атап өтті әрі  ҚР Парламент Мәжілісіне кәсіподақтардан барған депутаттардың  заңнамалық деңгейде ілгерілетіп жатқанын жеткізді.

«Әлеуметтік қолдауға қатысты атап айтқанда, кәсіподақ мүшелеріне кәсіподақ шипажайларына 15-20% жеңілдік жасауға келсек, былтыр барлық шипажайлар коронавируспен күреске жұмылдырылды. Оларды карантин үшін уақытша мемлекет қажеттілігіне беру арқылы федерация вирустың таралуын тоқтатуға ат салысты. Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясының кесірінен шипажайлардың кірісі мардымсыз болды. Сондықтан таяу болашақта біз шипажайлар басшылықтарымен кездесіп, осы тығырықтан шығу жолдарын қарастырғалы отырмыз», -деп қорытындылады өз сөзін ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы