Жаздың алғашқы күні – балалар үшін шуақты мерекемен басталатыны белгілі. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ERG құрамындағы “Қазхром”ТҰК” АҚ филиалы-Дөң тау-кен байыту комбинатының Жастар кеңесі Хромтау қаласының барлық балабақшаларына мерекелік көңіл-күй сыйлап үлгерді.
⠀
Балалардың сүйікті кейіпкерлері мен басқа да аниматорлар тәрбиеленушілерге ойыншықтар тарту етті.
– Бүгінгі таңымызды ерекше көңіл-күймен бастадық. Комбинаттық қонақтарымыз балалардың мерекесін бәрімізге сезіндіргендей. Арнайы құттықтап келгендеріңіз үшін комбинат ұжымына алғысымызды білдіреміз, – деді №4 «Гүлдер» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанна Құлмағанбетова.
Қаладағы балабақшалардың барлығына кіріп, балғындарды құттықтап шыққан комбинаттықтар шараны әрі қарай аудандық ауруханада жалғастырды.
Мұндағы балалар бөліміне кәсіподақ комитеті жыл сайын көңіл бөліп келеді. Олар биыл да назардан тыс қалмады. Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ комитеті аурухананың балалар бөліміне телевизор және құрғақ бассейн, түрлі ойыншықтар сыйға тартты.
⠀
Ал кешкі уақытта аллеялар мер саябақтарда комбинат жастары қаланың кішкентай тұрғындарына тәттілер, балмұздақтар мен жемістер үлестіріп қуантты.