«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» мемлекеттік мекемесінің құрылу тарихы сонау 60-шы жылдары Алматы қаласының № 6 мектеп-интернатынан бастау алады. 1972 жылдың наурыз айында республикалық маңызға ие болып, «Қ.Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты» деп аталды.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің өкіміне орай және республиканың халықаралық спорт аренасында беделін көтеруге байланысты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат Астана қаласына көшірілді.
2012 жылы аталған мектеп-интернатта спорт колледжі ашылып, «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі атауы берілді. Сонымен бірге еліміздің ұлттық құрама командалары үшін дарынды балалар іріктеліп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша «Оқытушы-жаттықтырушы» біліктігімен мамандар даярлана бастады.
Оқу орнының директоры Мәлік Сапашевтың айтуынша, «Мектеп жазғы және қысқы Олимпиада спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары үшін спорт резервін даярлайтын жалпы білім беретін мамандандырылған мекеме болып табылады. Мектептің ашылған кезеңінен бастап осы жылға дейін төрт мыңнан астам оқушы тәрбиеленді. Соның ішінде көпұлтты елімізді әлемге танытқан, біздің мектептің табалдырығынан шыққан түлектер – Шәміл Серіков, Валерий Люкин, Валерий Тихоненко, Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина, Дәулет Тұрлыханов, Елена Чебукина, Ольга Кривошеева, Ислам Байрамуков Олимпиада ойындарының жеңімпаздары атанды», – дейді.
«Ел болып мақтан тұтатын осы спортшыларымыздың ізін басып келе жатқан оқушыларымыз бен түлектеріміздің да айтарлықтай жетістіктері бар. Елу жыл ішінде мектепте білім алғандардың 10-ы Олимпиада ойындарының, 20-ы әлем чемпионаттарының, 17-і Еуропа чемпионаттарының және 43-і Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды», -деп атап өтті М.Сапашев.
Бүгінгі күні мектепте олимпиадалық спорт түрлері бойынша 18 бөлім бар, мектеп пен колледжде білім алатын 400 тәрбиленушінің 280 оқушысы спорт түрлері бойынша құрама командаларға енгізілген.
Әрине, спорттық жетістіктерге жету жолында ұжым қызметкерлерінің үлесі зор. Олар қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысады. Қазіргі уақытта мекеменің құрылғанына 50 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Спорттық және оқу ордасы атанған мектеп биыл Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап көптеген іс-шараларды өткізуде. Соның ішінде кәсіподақ ұйымының үнемі ұйытқы болып атқарып жүрген жұмыстары да жеткілікті.
Соңғы жылдары оқытушылықпен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалығын атқарып жүрген Жадыра Қошқарбаеваның белсенді жұмысының арқасында ұжым қызметкерлерінің 80% кәсіподақ ұйымының мүшелігіне кірді.
«COVID-19 пандемиясы кезеңінде әлеуметтік жағдайы төмен және короновирус індетіне шалдыққан қызметкерлерге материалдық көмек көрсетіп, санаторлық-курорттық емдеуге қолдау көрсеттік. Ұйым белсенділері ұжымдық шарт пен келісімдерді әзірлеу және қабылдаудан бастап, оның тиісті орындалуына мән береміз, кәсіподақ мүшелерінен келіп түскен көкейтесті мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз», – дейді Ж.Қошқарбаева.