Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

Ақтөбедегі «Экатон Батыс» серіктестігінің бастауыш ұйым кәсіподағы еңбек қауіпсіздігі шараларын басты назарда ұстайды. Жуырда ҚР Тұрғын үй, коммунальды шаруашылық саласы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалы мен әлеуметтік әріптес арасында жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған декларация аясында келісім жасалды. Онда жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтау, коронавирустық індеттің алдын-алу, санитарлық талаптарды сақтау, еңбеккерлерді қажетті құралдармен толық қамтамасыз ету т.б. нақты қарастырылған.

Тұрғын үй құрылысына сапалы өнім шығаратын кәсіпорында 200-ге тарта адам жұмыс жасайды. 2008 жылы ашылған Ақтөбедегі кәсіпорын жылына 210 мыңнан астам текше метр газоблок шығарады. Өнім дайындауға қажетті материалдардың бәрі – отандық шикізат.

Кәсіпорында 200-ге тарта адам бастауыш кәсіподақ ұйымына мүше. Олар екі ауысымда еңбек етеді. Зауыт іске қосылғалы сұраныс бәсеңдеген емес. Осындай іргелі кәсіпорында жұмысшыларға барлық мүмкіндік қарастырылған. Еңбек орнында қолайсыз жайттар тіркелмеген.