Жүрегімен де емдей білетін дәрігер

Дәрігерлік мамандықты таңдау – адамға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, ол адам анатомиясын өте терең білуімен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.


Біз тек тәжірибелі де білікті, білімді ғана емес, осы қасиеттердің барлығы бойына жиналған дәрігер – Ербол Бескемпірұлы Болысбеков туралы сөз қозғамақпыз. 1994 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, Жамбыл облыстық балалар ауруханасында педиатрия саласы бойынша интернатурадан өткен ол еңбек жолын 1995 жылдан бастап облыстық балалар ауруханасының нефрология бөлімшесінде дәрігер-нефролог ретінде бастап, бөлім меңгерушісіне дейін көтеріледі. Бүгінде ол жоғары санатты дәрігер-нефролог және облыс бойынша штаттан тыс балалар нефрологы қызметін атқаруда.
Бүгінге дейін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісінің, «Алтын жүрек» бірінші ұлттық премиясының және тағы да басқа көптеген марапаттардың иегері бола білген оны, бір сөзбен айтқанда, нағыз адам өмірінің қорғаушысы деуге болады. Ол туралы тек әрекетпен ғана емес, ісімен де, жүрегімен де емдей білетін дәрігер дейді басқалары.
27 жылдан астам еңбек өтілі бар Ербол Бескемпірұлы өз ісінің нағыз маманы, үлкен жүрегі және адал қызметі үшін оны өзінің кішкентай пациенттері де жақсы көреді. «Мен қандай мамандық таңдау жайын тіптен ойламадым. Өйткені әкем кішкене кезімізде мені дәрігер, қарындасымды мұғалім болады деп анықтап қойған еді»,- дейді.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры – таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу – адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті.