Бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенділері – Тәуелсіздік құрдастары

Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бүгінгі кәсіподақ кейіпкерлерінің жасы да отызға толады. Елмен бірге есейді, маман болды, тұлға атанды. «Біз үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Оның біреуі – барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Басты мақсатымыз – қуатты мемлекетті құру. Қуатты мемлекет құру үшін ауызбіршілік керек. Ауызбіршілік болған жағдайда, шиеленіскен оқиға да болмайды. Түйіні тарқамайтын мәселе жоқ. Ұранымыз – Ынтымақ, туымыз – татулық.

Ткенов Медет Мақсұтұлы – «Жезқазған кенті Әкімінің аппараты» Мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. 2020 жылдың шілде айында мемлекеттік қызметкерлер оған үлкен сенімділік білдіріп, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып бірауыздан сайлады. Кәсіподақ көшбасшысы болу оңай емес. Ол – соңынан адамдарды ілестіре алатын, сөйлеген сөзімен, өнегелі ісімен ықпал ете білетін көшбасшы болу керек.

Осыны біле тұра, Медет Мақсұтұлы кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғауға арналған қызметіне белсене кірісіп кетті. Біріншіден, ұжым мүшелері – бір отбасының мүшелеріндей болуы керек. Өйткені, отбасы — бірлесіп күн көретін, бірге жұмыс жасайтын адамдар тобы. Отбасының маңызды сипаты – оның қызметі, құрылымы және динамикасы болып табылады. Медет алғашқы осыны зерттеп алды. Себебі, жұмыс берушімен болсын, қызметкерлердің бір-бірімен болсын кішкентай мән бермейтін кикілжіңі үлкен дауға айналатыны сөзсіз. Оны болдырмау үшін ұжымдағы көңіл-күй – кәсіподақ көшбасшысы ретінде өзінің ұтымды қызметіне байланысты екенін түсінді.

Медет Мақсұтұлы 2021 жылдың сәуір айының 27 күні жаңадан қатарымызға қосылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарына арналған «KYZMET» Салалық кәсіподағы ұйымдастырған онлайн-конференцияда жас төраға болса да, өз жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Конференция Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Бәкірұлы Тінікеевтың қатысуымен өтті. Медет Мақсұтұлы – «KYZMET» Салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Екінші кейіпкер – Рзина Диана Сайлаубекқызы. Ол «Талап ауылы әкімінің аппараты» Мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. Алматы қаласындағы көлік және құқық университетінің түлегі. Мамандығы – қаржыгер. 2013 жылдың наурыз айынан бастап еңбекке араласты. Ұжымда табан аудармастан сегізінші жыл еңбек етіп, елдің жанашыры болып жүрген көптеген әріптестеріне көмегі тиген кәсіподақ өкілі. Ол кәсіподақ ұйымының төрайымы ғана емес, жас болса да, әріптес – дос, кеңесші, тәлімгер.

Диана Сайлаубекқызы алдына қойған міндеттерді орындауда кәсіби іс-тәжірибесін шебер қолдана біледі. Жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде ұжымның бірлікте болyына ықпал ете біледі. Барлық жаңа технологиялар және инновациялық әдістемелерді жаңадан келіп қосылған есепші мамандарға үйретуден жалықпайды. Ол аумақтық филиалға қарасты жұмысқа қолдау білдіріп жүрген кәсіподақ мүшесі. Диана Сайлаубекқызы – «KYZMET» Салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының Құрмет грамотасының иегері.

Қазақтың батыры Бауыржан бабамыз: «Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әр азамат әзір болу керек»- деген екен. Бүгінгі кейіпкерлер бұл жастан асып кетсе де, толыққанды белсенді тұлға ретінде жастардың атынан өзара үнқатуына, ұжымды, қоғамды жақсы жаққа қарай өзгертуге деген ұмтылыс, төзімділік, бостандық, әділдік секілді құндылықтардың дамуына қолайлы алаң жасап отырған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына алғыс айтады. Әділдік пен дамуға – бірлікте! Жастар – болашақ иесі, үміт арқауы!