Кәсіподақ жетекшісі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қатысты пікірін білдірді

Ағымдағы жылдың 8 маусым күні Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің көмекшісі – Тамара Дүйсеновамен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет: жұмыстың жаңа форматына көшу» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова қатысты.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 2 қыркүйек күні жарияланған ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы айтылған болатын.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдардың жұмыстарындағы өзгерістерге тоқталып, «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесін түсіндірді. Яғни осы уақытқа дейін мемлекеттік органдарға жолданған өтініштер интернет-ресурстары және Қазпошта арқылы түскен болса, ендігі жерде «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жолданатын болады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап өтініш берушілер жаңа жүйе шеңберінде «е-Өтініш» БАЖ арқылы өздерінің өтініштерінің қаралу барысын қадағалау мүмкіндігіне ие болады, әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты сұрақтары бойынша өзінің құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме алуға және дәлелдемелерін ұсынуға және оларды зерделеуге қатысуға, оның ішінде түсініктемелер беруге, қажет құжаттарды ұсынуға, қарсылық білдіруге, іс материалдарымен танысуға құқылы.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова жаңа жүйе арқылы азаматтардың өтініш жаза алу сауаттылығына бақылау жасап, бағыт-бағдар беретін шаралардың ұйымдастырылуы туралы және «е-Өтініш» жүйесіне дейін де сот органдарына түсетін сұрақтар мен өтініштердің өте көп екендігін, қазіргі күннің өзінде-ақ, олардың барлығы бірдей кері байланысқа қолжеткізбей отырғанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта бірнеше есе көп түсетін өтініштердің қалай қаралатындығы жөнінде сұрады. Айгүл Оразқызы өз сөзінде мемлекеттік органдардың ашықтыққа жол салып, халықпен тығыз байланыс құруы – ел болашағын ұстайтын азаматтық белсенді қоғамды қалыптастыратындығын жеткізді.