Бала денсаулығы – басты назарда

Ел денсаулығын арттыруды, ұлт саулығы үшін аянбай еңбек етіп, оны алдыңғы кезекке қоя білетін жаны жомарт, жүрегі дархан, қолы жұмсақ, білікті де білімді ақ халаттылар – аз емес. Осындай жандардың бірі – облыстық көпбейінді балалар ауруханасынасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Қайсар Серікбаев. 1965 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген ол С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті емдеу факультетінің 1993 жылғы түлегі.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында дәрігер-травматолог болып бастаған. Ол – балалар травматология-ортапедия бейіні бойынша туа біткен науқастарға және жарақаттанған балаларға күрделі ота жасайтын хирург. Өз ісін жетік меңгерген білікті де тәжірибелі маман 30 жылға жуық медицина саласында қызмет атқарып келеді.

Ол – облыстағы балалар травматологиясы, ортопедия бейіні бойынша оталар жасаудың хас шебері. Өз біліктілігін арттырып, білімін ұштауға ұдайы көңіл бөліп отырады. 2018 жылы Сеул еліне барып, омыртқаға күрделі ота жасау бойынша шеберлік сыныптарынан өтіп келген. 2017 жылы Литва мемлекетінде оқып, жоғары технологияларды қолдануды үйреніп, заманауи медициналық құрылғылармен ота жасауды меңгерген. Бүгінде барлық білген-түйгенін өзі қызмет атқаратын мекемеде тиімді қолданысқа енгізуде.

Беделді травматолог-ортопед бүгінге дейін сегіз мыңға жуық балаға күрделі операция жасаған. Қолы жеңіл маман аяқ-қолы, жамбасы және басқа да дене мүшелері жетілмеген жасөспірімдерге және түрлі жарақат алған балаларды хирургиялық араласулар арқылы емдеп, ұзақ уақыт бойы төсекте жатқан бүлдіршіндердің аяқтан нық тұрып кетулеріне септігін тигізуде.

Білімді де, тәжірибесі мол маман қазіргі таңда Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс балалар ортопед-травматологы. Ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі еленіп, «Медицина саласының үздігі», «Алтын дәрігер», «Қазақстан Республикасының травматология-ортопедия саласына еңбегі сіңген» төс белгілерінің иегері атанған.