Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны тамақтандыруды ұйымдастыру саласында мамандар даярлауды жүзеге асыратын жетекші білім беру мекемелерінің бірі болып табылады.
Білім беру қызметтері нарығында колледж өз қызметін 1983 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Алғашында жеңіл өнеркәсіп үшін кадрларды даярлау мақсатында жіп иіру-трикотаж фабрикасы оқу комбинаты – СПТУ № 5 құрылды. Бірқатар қайта құрылымдаудан кейін сол кездегі № 2 кәсіптік лицей 2012 жылы колледж мәртебесіне және қазіргі атауына ие болды.
Колледждің негізгі бағыты – қызмет көрсету саласына қажетті мамандарды дайындау. Осы жылдар ішінде колледж 8 мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру және сервис мамандарын оқытып шығарды.
Бүгінде колледж түлектері Нұр-Сұлтан қаласының және Қазақстанның мейрамханалары мен асханаларында ғана емес, сонымен қатар алыс және таяу шетелдерде еңбек етуде. Колледжде қазір бір кезде ата-аналары мен аға-апалары, бауырлары білім алған студенттер де бар.
Колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Зәуре Қылышбаеваның айтуынша, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің стратегиялық бағыттары мен мақсаттары мемлекеттің стратегиялық бағытына, атап айтқанда, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маманды даярлауға сәйкес келеді. Соған сәйкес, инновациялық қызмет сапасын қамтамасыз ету арқылы сапа менеджменті жүйесін енгізу, оны іске асыру, МТБ-ны тұрақты жаңарту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту анықталды. Нұр-Сұлтан қаласы колледждерінің арасында дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша экспкерименттік алаң ретінде біздің колледжді таңдауы, осы бағыттағы мақсаттарды жоспарлы түрде іске асырудың фактісі болып табылады», – дейді.
Осыдан екі жыл бұрын оқу орнында ағылшын тілінде оқытуға көшу эксперименті жүзеге асырылып, бүгінде үш тілде қызмет көрсете алатын мамандар шығарылуда. Жыл сайын оқу ордасын бітірген түлектердің 98% жұмысқа орналасады. «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» МКҚК 2018-2019 оқу жылында «Білім беру сапасын көтеру агенттігі» МЕМ-нен Институционалдық аккредитациядан өтті. Бұл – колледж әкімдігі мен ұжымының көпжылдық еңбегінің нәтижесі, білім саласындағы сапалық көрсеткішінің нәтижесі.
Бүгінгі таңда колледжде 2 техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі, 2 ғылым кандидаты, 18 педагогика ғылымдарының магистрі, 44% жоғары және бірінші санатты педагог қызмет етуде. Арнайы пәндер оқытушысы С.Кожабергинова 2019 жылы өткен «Үздік педагог» қалалық байқауының гран-при жүлдегері атанды.
Студенттерге сабақтарды және шеберлік сыныптарды колледж педагогтары жүргізіп қана қоймай, оған Италияның, Францияның, Норвегияның, АҚШ, Оңтүстік Кореяның жоғары білікті мамандары тартылған.
Колледжде шеберлік сыныптарын өткізуге өздерінің шеберліктерімен шын көңілден бөліскісі келетін бұрынғы түлектерді тарту үрдісі жалғасын тауып келеді. Биылғы жылы колледж түлектерінің бастамасымен қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің бітірушілер қоғамдастығы құрылды. Колледж студенті А. Мажинов биыл қалалық техникалық және кәсіптік білім беру білім алушыларының арасында өткен WorldSkills жастар чемпионатының жүлдегері атанды.
«2018 жылы колледждің 35 жылдық мерейтойы аталып өтіп, оған әлеуметтік әріптестер, ата-аналар, шетелдік қонақтар қатысты. Колледж оқу орнының құрылғанынан бері еңбек етіп келе жатқан, еңбек жолын осы оқу орнынан бастаған, бүгінгі таңда ұжымның ұйытқысы болып отырған, өз ісінің мамандарынан және ұйымшыл ұжымнан тұрады. Осы орайда колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді қызметін де айта аламын», – деп атап өтті колледж директоры Зәуре Қылышбаева.
Аталған колледждің 2020-2022 жылдарға арналған Ұжымдық шарты қызметкерлердің еңбек құқықтары мен бостандықтарын іске асыру жөніндегі әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен шараларға бағытталған.
«Ұжымдық шарт мәтіні колледж сайтында орналастырылды және кәсіподақ комитеті мен кадрлар бөлімінде еркін қолжетімді. Сонымен бірге колледждің барлық қызметкерлеріне тең қолданылады. Ұжымдық шартта 14 тармақ және 13 қосымша белгіленген, жұмыс барысында оның барлық талаптары сақталады. Соның ішінде қызметкерлерге еңбек шартымен келісілген жұмыс тиесілі жалақымен тұрақты түрде толық мөлшерде жүргізіледі. Қызметкерлердің кәсіби және жеке тұлғалық өсуі үшін жағдай жасау, еңбектегі уәждемені күшейту көзделген. Еңбек және әлеуметтік экономикалық, оның ішінде қаржы мәселелеріне қатысты кәсіподақтың пікірі ескеріледі. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мен гигиена талаптарына сай келетін жағдайлар қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге қызметкерлердің еңбек міндеттерін атқаруына байланысты тұрмыстық мұқтаждары қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Лязат Тнымбаева.
Ұжымдық шартты және оның ережелерін орындау жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында кәсіподақ комитеті жыл сайын еңбек ұжымының жалпы жиналысында Ұжымдық шарттың орындалуы туралы есеп береді.
Ағымдағы жылдың басында «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының кезекті төралқа отырысында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының оң тәжірибесін барлық кәсіподақ ұйымдарына тарату туралы шешім қабылданғанын атап өтуге болады.