Қызылордалық кәсіподақтар жұмыскерлердің денсаулығын оңалту шараларын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізуді бастамалады

Қызылордалық кәсіподақтар жұмыскерлердің курорттық орындарындағы, санаториялық емдеу, демалу орындарындағы физиоемдер және басқа да медициналық оңалту шараларын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізуді бастамалады. Бұл туралы ұсыныс-пікір Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпараттық түсіндірме семинарында ортаға салынды.

Сала мамандары түсіндірме жасаған семинарға облыстық кәсіподақ мамандары, бастауыш кәсіподақ ұйым төрағалары қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізіліп, азаматтарға жүйе аясында медициналық қызметтер көрсетілуде. Азаматтарымыз МӘМС шеңберінде қандай медициналық қызмет түрлерін алады және сақтандыру мәртебесін алу мәселелері, жүйедегі жаңа нормалар туралы ақпарат алу маңызды, әрбір кәсіподақ мүшесінің денсаулығы, оны сақтау- кәсіподақтардың басты назарында» деп атап өтті семинардың алғысөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Марат Бәйімбетов.

Жиында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов заңнамаларға сәйкес қорға төленетін жарналар мөлшері, төлем бойынша шектеулер, оның қозғалысы, сақтандыру қоры тарапынан алынатын медициналық қызмет түрлері, жүйеге қатысу тәртібі туралы ақпараттармен бөлісті.

Кәсіподақ белсенділері тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін кеңейту туралы ұсыныспен қатар, жұмыс берушісі жарна төлейтін жұмыскерлердің жеке кәсіпкерлік қызметі үшін МӘМС қорына төлейтін жарнасы мөлшерін заңнамаларда қайта қарастыру туралы ұсыныс білдірілді.