2021 жылғы 25 маусымда Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) “Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы” №190 конвенциясы күшіне енеді. Осы орайда, 2019 жылдың 21 маусымы күні қабылданған “Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы” №190 Конвенция ХЕҰ-ға мүше екі мемлекет ратификациялағаннан кейін 12 ай өткен соң ғана күшіне енетінін айта кеткен жөн. Бұл тарихи құжат қазіргі еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық, қудалау және қорқыту сияқты нақты проблемалар мен қиындықтарды шешеді. Соның ішінде, әйелдерді де қорғайды. Конвенция көптеген жұмысшылардың өмір шындығын қамтиды. Бұрын-соңды әр адамның мұндай құқығы халықаралық шартта нақты тұжырымдалған емес.
Осы атаулы күн қарсаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы “Іс-қимыл апталығын” жариялап, Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы елоардалық салалық кәсіподақ филиалдарының өкілдері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің қатысуымен «Кәсіподақтар еңбек әлемінде зорлық-зомбылыққа қарсы» атты онлайн семинар ұйымдастырды.
Семинарға спикер ретінде ҚРКФ жанындағы еңбекші әйелдер мәселелері жөніндегі комиссияның хатшысы Линара Сақтағанова, ҚРКФ аппаратының кәсіподақ комитетінің төрайымы Назгүл Азтаева, ҚРКФ жанындағы “Татуласу орталығының” жетекшісі Әсел Молдағалиева қатысты.
Алдымен спикер Л.Сақтағанова ҚРКФ гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асырудың негізгі аспектілері жөнінде айтып берді. «Ынтымақтастық белгісі ретінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы № 190 Конвенцияның қағидаттарын ілгерілету бойынша ХЕҰ науқанына қатысуға ниет білдіреді. Айта кетерлігі, Кәсіподақтар федерациясының 26-шы съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясында Гендерлік теңдік саясатын жүргізу міндеті қойылған.
2020 жылғы 23 желтоқсанда Бас кеңесте бекітілген стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында ҚРКФ Гендерлік саясат тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау қажеттігі көрсетілген. Ағымдағы жылдың 2-ші маусымында осы тұжырымдаманы ҚРКФ Бас кеңесі қабылдады.
Тұжырымдаманың мақсаты – әлеуметтік әріптестердің назарын еңбек етуші әйелдердің жағдайын жақсарту, еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі және қорғау, экономикалық және әлеуметтік қызметінің әртүрлі салаларындағы әйелдерге кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады», – деп атап өтті Л.Сақтағанова.
Семинар барысында жұмыс істейтін әйелдердің құқықтарын жақсартудың ұжымдық-шарттық мәселелері қаралды. Спикер Н.Азтаева жұмыс істейтін әйелдерді, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты ата-аналарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге ықпал ететін ұжымдық шарттардың нормаларын мысал ретінде айтты. Сондай-ақ, ұжымдық шарттарға, салалық және өңірлік келісімдерге өзгерістер енгізу рәсімі бойынша түсініктемелер берілді.
Соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылық деректері артып келеді. Әсіресе, пандемия уақытында тұрмыстық қақтығыстар жиі орын алған. ҚРКФ жанындағы “Татуласу орталығына” осы мәселе бойынша келіп түскен өтініштер саны артқан.
Қазіргі уақытта мемлекет пен қоғамның қолдауымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және ескерту үшін көптеген жобалар қаржыландырылады. Кәсіподақтар федерациясының Медиация орталықтарында әйелдер мен балалардың мүдделерін қозғайтын отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты туындайтын даулар бойынша толығымен тегін қызмет көрсетіледі, – деді ҚРКФ жанындағы “Татуласу орталығы” жетекшісі Әсел Молдағалиева.
Семинар соңында қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, жауаптарын алды.