Кәсіподақ мүшелері еңбекті қорғау мәселесін талқылады

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің кезекті отырысын өткізді. Онлайн форматта өткізілген алқалы жиынға облыстық салалық білім кәсіподағының төрайымы Р.Серікова, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев, аппарат мүшелері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Күн тәртібінде Байғанин, Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлерді құқықтық қорғау, еңбек заңнамасын қадағалауды қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы айтылды. Сонымен бірге, Әйтеке би, Қарғалы аудандық кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ органдары мен ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті дамыту, келісімдер мен ұжымдық шарттарды орындау барысына мониторингті жүзеге асыру тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды.

«Кәсіподақ ұйымдары әрдайым кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға тиісті көмек көрсетуге дайын. Әлеуметтік әріптестік салалық келісімдер, ұжымдық шарттарды басшылыққа ала отырып, білім бөлімдері мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен іс-әрекеттері білім саласында жұмыс жасайтын қызметкерлердің мәртебесін арттыруға, олардың қалыпты еңбек жағдайын жасауға бағытталған. Келісім аясында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, бүгінгі таңда аса маңызды болып табылатын педагогтардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстар әлі де жалғасады», – дейді кәсіподақ төрағалары.