Дендрологиялық саябақта ұжымдық шарт пен келісімшарт жасалды

Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мекемеде 178 адам жұмыс жасаса, оның 114-і кәсіподақ мүшелігіне тартылған.

Кәсіпорын жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің ұжымдық шарт тарауы бойынша ұжымдық шарттың тараптары, ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібі, ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы, ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері, аясы және тараптардың жауаптылығы, сондай-ақ жеке еңбек дауын қарау тарауы бойынша жеке еңбек дауын қарау тәртібі, жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімдері, жұмыскерді жұмысына қайта алу мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Нәтижесінде, мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айша Турсынбаева және «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов арасында келісім-шарт жасалып, оған қол қойылды.

Сондай-ақ, жұмыс беруші тарапынан кәсіпорын директоры Ғани Қарабеков және жұмыскерлер немесе қызметкерлер (кәсіподақ) тарапынан кәсіподақ ұйымының төрайымы Айша Турсынбаеваның арасында ұжымдық шарт жасалып, оған қол қойылды.

Қол қойылған ұжымдық шарт Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өтті.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің «Жеке еңбек дауын қарау тәртібі» туралы 159-бабының 2-тармағын, Ұжымдық шартты басшылыққа алып, А.Асқаров атындағы «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының Келісу комиссиясының құрамына жұмыс берушінің 4 өкілі және жұмыскерлердің немесе қызметкерлердің (немесе кәсіподақ тарапынан) 4 өкілі, жалпы 8 адам комиссия мүшелігіне бекітіліп, бірлескен мәжілісте оның төрағасы сайланды.

Бұдан бөлек, кәсіпорынның жұмысында жұмыскерлердің еңбегін қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау бойынша өндірістік кеңес құрылып, оның жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы кезде оларды оқытудан өткізу жоспарланып отыр.