Одақтар үйінде Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 16 маусым күні «Одақтар үйі» ғимаратында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа облыстық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ орталығының мамандары қатысты.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова кеңестің күн тәртібіне үш негізгі мәселені қойды:
– Ұйымдардағы әлеуметтік шиеленіс және еңбек дауларының туындау қатерінің алдын алу жұмыстарын жандандыру туралы;
– Бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы қауіпсіз еңбек жағдайлары туралы ақпараттық жұмыстар;
– «Еңбек жолы» және «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық байқаулар жөнінде.

Кәсіподақ төрайымы кеңес мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысында қабылданған шешімдермен таныстырып, жаңа тапсырмалық міндеттерді айқындады. Оның ішінде кәсіподақ және келісім комиссияларының мүшелерін тұрақты түрде оқыту, құқықтық сауаттылықты көтеру, еңбек қауіпсіздігі саласында белсенді шаралар жүргізу ұсыныстары талқыланды. Сондай-ақ кәсіподақ басшысы «Заң клиникасы» жұмыстарына да тоқталып, осы уақытқа дейін келіп түскен сұрақтар мен шағымдарға мейлінше жылдам, әрі орталықтандырылған түрде кері байланыс жасау қажет екендігін айтты.

Сонымен қатар, Айгүл Оразқызы кеңес мүшелерін қазіргі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясынан бастау алған жобалар мен байқауларға аймақ төңірегінде қолдау білдіруге, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыс жасап, мәселелерін шешілу деңгейіне қарай қарауға, «Еңбек жолы», «Парыз» секілді дәстүрлі байқауларға белсенді қатысуға шақырды. Бұл орайда, «Батыс Су арнасы» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Азиля Иликпаева «Үздік ұжымдық шарт» байқауына қатысуға ниетті екендігін жеткізді.

Кеңес мүшелері, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері күн тәртібінде қаралған аталмыш мәселелерге, жаңа міндеттер мен тапсырмаларға қолдау білдіріп, белсенді үн қосатындықтарын мәлімдеді.