«Yntymaq» орта және шағын бизнес қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РКБ төрағасы Қайрат Жанабеков жұмыс бабымен Ақтөбе облысында болып қайтты. Сапар барысында ол алдымен «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнына барды. Ақпан айында серіктестік жұмыскерлері жалақыны көтеру және ауысым ұзақтығын 30-дан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарту туралы талаппен ереуілге шыққан еді. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы жылдың наурыз айындағы Ақтөбе облысына сапары аясында аталған серіктестік басшылығымен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде 1 сәуірден бастап кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысы 20 %-ға көтеріліп, вахталық кезең 30-дан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарды. ҚРКФ төрағасының табанды ұсынысы бойынша жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы барлық келісімдер кездесу Хаттамасында көрсетілген болатын. Бүгінгі кездесуде салалық кәсіподақ төрағасы Қайрат Жанабеков серіктестің Еңбек ресустары бөлімінің бастығы Алмагүл Дүйсеновамен, осындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасымен және жұмыскерлермен кездесіп, келісімнің орындалуының мән-жайын білді. Серіктестік өкілі жұмыс берушінің хаттамада өзіне алған міндеттемелерді толығымен орындағанын жеткізді.
«Қазіргі таңда жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктері толық көлемде қамтамасыз етілді»,-деді «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС Еңбек ресустары бөлімінің бастығы.
Серіктестіктегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бердіхан Кемешов еңбек дауының ҚРКФ-ның тікелей араласуының арқасында шешілгенін баса айтып, федерация басшылығына алғысын білдірді.
«Дау туындағанда елордадан облысымызға арнайы іссапармен келген ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин серіктестікке соғып, біздің басшылықпен кездесті. Қытайлық тараппен болған келіссөздер нәтижесінде жұмыскерлердің қойған талаптары орындалды. Кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғағаны үшін федерация басшылығына, салалық кәсіподақ пен облыстық кәсіподақ орталығының төрағасына жұмыскерлер атынан алғысымызды білдіргім келеді»,-деді Бердіхан Кемешов.
Кездесу соңында салалық кәсіподақ төрағасы серіктестік өкілін ұжымдық шарт аясында жұмыскерлерге лайықты еңбек жағдайын жасауды назарда ұстауға шақырды.
Бұдан соң Қайрат Жанабеков салалық кәсіподақтың Ақтөбе облысындағы филиал ұжымына жаңа төрағаны таныстырды. Қайрақбай Жаңабеков кәсіподақ активіне жаңа төраға Сәкен Батталовты таныстыра отырып, әлеуметтік әріптестік аясында өңірде еңбек дауларына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды.
Салалық кәсіподақ төрағасы осыдан кейін биыл еңбек дауы туындаған тағы бір компания “КМК-Мұнай” АҚ басшылығымен кездесті. Ақтөбе облысының Темір ауданы аумағында орналасқан Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар да ереуілге шығып, жалақыны 100%-ға көтеру, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің тұрмыстық жағдайларды жақсартуды талап еткен еді. Артынша кәсіподақ ұйымын құрып, оған өз араларынан Ержан Еламановты төраға етіп сайлады. Кәсіподақтар араласқан келіссөздер нәтіижесінде олардың барлық талап-арыздары қатанағаттандырылды. Айлық жалақылары 20%-ға көтеріліп, асхана мәзіріне де өзгеріс енгізілді.
Бүгінгі кездесу Қайрақбай Жаңабеков тараптарды сындарлы диалог жүргізуге шақырып, қолданыстағы заңнама шеңберіндегі келіссөздер жүргізу тетіктерін түсіндіріп берді. Өз кезегінде жұмыскерлер ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақ тарапынан болған қолдау үшін ризашылықтарын жеткізді.
Жалпы Ақтөбе облысындағы еңбек тәуекелдерінің картасына жыл басынан бері еңбек дауларының туындау ықтималдығы бар 14 кәсіпорын енгізілген. Бұл «Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық комиссиядағы өзге тараптармен тұрақты негізде бірлесіп жүргізетін әлеуметтік шиеленіске мониторинг барысында анықталды. Бірлестік төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, қазір 10 проблемалық кәсіпорында жағдай тұрақты, 4 кәсіпорын бойынша келіссөздер жүргізілуде.
«Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста 8 еңбек дауы тіркелді. Бірлестік өз тарапынан еңбек дауларын шешу бойынша барлық келіссөздер процестеріне қатысты. Осы келіссөздердің арқасында еңбек даулары ұзаққа созылмай, тараптар келісімге тезірек келді.
«Әлеуметтік әріптестермен бірлескен күш-жігердің арқасында ереуілдер мен ірі еңбек қақтығыстарының алды алынды. Өкінішке қарай, дәл осы мұнай-газ саласындағы жалақының төмен деңгейі аймақтағы еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі. Облыста орташа жалақы 201,8 мың теңге деңгейінде (елде 2021 жылғы наурыздағы жағдай бойынша – 224,7 мың теңге), ал мұнай-газ саласында – 379,0 мың теңге (ел бойынша- 792 мың теңге)»,-деді бірлестік төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.
Еңбек қатынастарын тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралардың бірі – аймақтағы ірі және орта кәсіпорындармен 3 жақты меморандумдарға қол қою. Сәуір айындағы жағдай бойынша 5455 меморандумға қол қойылған. Өткен жылы бұл құжат өндірісті тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелерінде маңызды рөл атқарды, бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
«Еңбек дауларының туындау ықтималдығы бар ошақтарды жою үшін біздің аймақтық штаб шеңберінде барлық мемлекеттік органдармен, оның ішінде құқық қорғау бөлімшелерімен тығыз ынтымақтастықтамыз. Ақпаратпен жедел алмасамыз және тиісті жұмыстар жүргіземіз. Бұл проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау үшін бұрын қол қойылған алгоритм жұмысының нәтижесі. Алгоритмді соңғы оқиғаларды ескере отырып нақтылауды жоспарлап отырмыз»,-деді бірлестік төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.
Бірлестік бастамасы бойынша кәсіпорындардағы жағдайды бақылау үшін жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстың қоғамдық кеңесінің мүшелері, еңбек инспекциясы, облыс әкімдігінің индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдері кіреді. Олар жыл басынан бері Жаңажол, Кеңқияқ кен орындарындағы еңбек ұжымдарымен бірнеше кездесу ұйымдастырды. Себебі мұнай-газ кәсіпорындарының дені осы жерлерде шоғырланған. Бірлестік төрағасының айтуынша, еңбекақыны көтеру және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша анықталған кейбір мәселелер Татуласу орталығы жұмысының шеңберінде шешілді. Жыл басынан бері орталықта 4 ұжымдық және 3 жеке өтініштер қаралған.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы