Кәсіподақтар Федерациясымен белгіленген «Бастауыш кәсіподақ ұйым жылы» аясында бүгін Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Марат Бәйімбетов пен «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының» облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов «Қызылорда тазалығы» серіктестігінде болып, жұмыскерлермен кездесті. Кездесу барысында коммуналдық шаруашылық кәсіпорынының меншік нысаны өзгеруі ықтималдығына байланысты туындап отырған қызметкерлердің еңбек жағдайы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жұмыскерлер еңбек жағдайының өзгеруі, жұмыс беруші мен жұмыскерлер тарапынан төленуі керек медициналық және әлеуметтік төлемдер туралы сауалдарын қойып, заңнама нормаларынан ақпарат алды.
Айта кету керек, «Қызылорда тазалығы» серіктестігінде қазірде 500-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйым «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының» облыстық филиалы құрамында ең ірі ұйымдардың бірі болып саналады.