Медицина қызметкерлерін ынталандыру және тұрғындарға көрсетілетін медицина қызметінің сапасын жақсарту мақсатында, Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы дәстүрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
«Үздік мекеме», «Үздік дәрігер», «Үздік мейірбике» номинациялары бойынша жарыстар өткізілді, үздік медицина қызметкерлері сыйлықтарға ие болды. Ақ халатты абзал жандарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Бұл жолы бір топ ақтөбелік медицина қызметкерлері еңбектегі жетістіктері үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да наградалармен және «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша облыста 4122 дәрігер және 8102 орта буын қызметкері жұмыс жасайды, оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда 3003 – дәрігер және 6265 – мейірбике. Биылғы жылы дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,7% – ға артып, 10 мың тұрғынға шаққанда 34,0-ті құрады, өңірлер бөлінісінде облыс 4-орында.
«Пандемия кезіндегі адам өмірін сақтап қалуға қосқан ерекше үлестеріңіз үшін, төзімділігіңіз бен шыдамдылығыңыз үшін, нағыз қаһармандарша қызмет етіп жүрген барлық дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жедел жәрдем қызметкерлеріне алғысымды білдіреміз», – деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.