«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекке бағытталған қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрады.
Бүгін осындай шараның бірі, 28 мамыр мен 13 маусым аралығында өткен «Ізгілік шуағы» атты қайырымдылық акциясының қорытындысы шығарылды.
Бұл акцияның мақсаты: елордадағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету және «Үміт» дағдарыс орталығы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету.
Акция өткізу барысында қайырымдылық жасап, қолдау танытқан азаматтардан түскен кеңсе тауарлары, киім-кешек, аяқ киім, ойыншық, тамақ өнімдері әлеуметтік орталықтардың тәрбиеленушілеріне көмек ретінде көрсетілді.
Алғы сөз алған «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы М.Жақыпов: «Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің мұқият қамқорлығында және ерекше назарында болады. Халқымыздың игі дәстүрі – мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау. Бұл маңызды адамзат миссиясын Қазақстан кәсіподақтары да жүзеге асырады»,-деп атап өтті. Сонымен бірге медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің мамандарын келе жатқан медицина қызметкерлері күні мерекесімен құтықтады.
Қайырымдылық шарасын қорытындылаған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының төрағасы А.Нұрланов әлеуметтік мекемелерінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтарды табыс етіп, жылы лебізін білдірді.