Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
Кітапхана 1899 жылы орыс ақыны А.С.Пушкиннің 100 жылдық мерекесі қарсаңында ашылған. Мәдени ошақ директоры Шәрбану Динасилованың айтуынша, жылына 30 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсететін кітапхананың кітап қоры 235 мың шамасында. Кітапхана құрамында әртүрлі бағытта жұмыс істейтін, 12 бөлім бар. Белсенді оқырмандары үшін «Асыл мұралар», «Хит сезона», «Заңгер», «Альманах-Сырласу», «Глобус» клубтары, «Әдеби кеш» салоны ашылған. Коронавирус пандемиясына байланысты кітапхана пайдаланушыларына қашықтықтан электронды қызмет көрсету жолға қойылған. Кітапхана қызметкерлері кітапхана қызметін оқырмандарға сайт, әлеуметтік желілер арқылы да ұсынып отыр. «Электронды қорды қалыптастыру» ұзақмерзімді бағдарлама жобасы жасалып, кітапхана қорын сандық форматқа көшіру жұмыстары қолға алынған. Кітапханада 2011 жылдан бастап «Американдық орталық» жұмыс істеп тұр.
Кітапхана қызметкерлерінің саны – 85. Олардың барлығы кәсіподаққа мүше. Кітапханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің Түркістан облыстық филиалына қарайды. Ұйым төрайымы Гүлнұр Өмірәлиева. Оның айтуынша, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы барлық қатынастар әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделген. Төрайым кездесу қатысушыларына ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік қолдаулар туралы да әңгімелеп берді.
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы кітапхана басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестікті дамыту және кітапхана қызметкерлерінің мүдделерін қорғау жолындағы жұмысына жоғары баға берді. Артынша саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
«Соңғы екі жылда мәдениет саласында жалақыны көтеру мәселесінде алға жылжушылық байқалады. Алайда медицина және білім салаларымен салыстырсақ, бұл жеткіліксіз. Біздің салада шешімін таппай тұрған мәселелер: жалақының төмендігі, баспанаға зәрулік, зиянды еңбек жағдайы үшін үстемақының жоқтығы», – деді Светлана Иманқұлова.
Еңбек ұжымының техникалық қызметкерлердің сауықтыру төлемақысынан тыс қалып отырғандығы туралы сұрағына, салалық кәсіподақ төрайымы бұл мәселенің биыл қол қойылған салалық келісімде қарастырылғанын ескертті.
«Біз салалық келісімге ұжымжық шарттарға жұмыс беруші үнемделен қаржы есебінен осы санаттағы қызметкерлерге 50% көлемінде сауықтыру төлемақысын берсін деген бапты енгіздік. Бұрын бұл ұсыныс ретінде болатын, қазір міндетті. Сондықтан әр басшы салалық келісімде айтылған осы өзгерісті ұжымдық келісімге енгізіп,үнемделген қаржы болса, техникалық қызметкерлерге сол қаржы есебінен денсаулықтарын сауықтыру мүмкіндігін қарастыруға міндетті»,-деді.
Светлана Иманқұлова сонымен қатар, облыстық әкімдік тарапынан сала қызметкерлеріне мерзімді баспасөзге жазылу міндеттелетінін айтып, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевке осы заңсыздықты тоқтатуға ат салысуды сұрады.
Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары бұл мәселені әлеуметтік әріптестік аясында шешуге уәде берді. Нұрлан Өтешев биыл қол қойылған бас келісімге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру нормалары енгізілгенін ескертіп, ол нормалардың салалы келісімдерде қарастырылғанын және ұжымдық шарттарға енгізу мүмкіндігі барын еске салды.
Еңбек ұжымындағы кейбір мәселелерді ұжымдық шарт аясында да шешуге болады. Егер әр күні бір сала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-эконмикалық жағдайы сәл де болса жақсы жағына өзгерсе, бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз! Демек біз үшін бұл күн босқа өтпеді. Біз бірлесе отырып федерацияның стратегиялық міндеттерін орындауға бір қадам жасай алдық деген сөз»,-деді ҚПКФ төрағасының орынбасары.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы