«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында 23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет» атты салтанатты іс-шарасы өткізілді. Іс-шараға «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов және мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
“Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек.
Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!” – деді «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев өз құттықтау сөзінде.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметкерлер «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Төсбелгісімен», «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен», сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент филиалының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталды.