21-24 маусым күндері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары – ҚАЗМҰНАЙГАЗКӘСІП төрағасы Сұлтан Қалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапарының мақсаты – аймақтағы еңбек даулары қаупі жоғары кәсіпорындардың жұмысымен және ағымдағы жағдайымен, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарын үйлестіру және 2020-2022 жылдарға арналған ұжымдық шарттар мен салалық келісімдердің негізгі ережелерінің орындалуымен танысу.
Маңғыстау облысының еңбек тәуекелдері картасында 12 кәсіпорын бар.
Аймаққа сапары кезінде ҚРКФ төрағасының орынбасары мүше ұйымдардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Оның барысында кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша жергілікті кәсіподақтардың қызметіне байланысты ағымдағы мәселелер талқыланды.
«Маңғыстаумұнайгаз» жұмысшыларды қашықтықтан жұмыс істеуден қайтаруда
Сұлтан Қалиев «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Ербол Турниязовпен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұхановпен кездесті.
«Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС әлеуметтік әріптестермен келіссөздердің негізгі тақырыбы кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері, ұжымдық шартты іске асыру мәселелері, оның ішінде жұмысшылардың қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсарту, сонымен қатар, келіссіөздерде кәсіподақтардың рөлін нығайтуға бағытталған шаралар болды.
Жалпы, тараптар компаниядағы жағдай тұрақты және кәсіподақ пен жұмыс беруші арасында тығыз өзара байланыс бар екенін атап өтті.
«Маңғыстаумұнайгаз» басшылығымен кездесуде Сұлтан Қалиев вахталық жұмыс барысында жұмысшылардың әдеттегі жұмыс режимін қалпына келтіру мәселелеріне тоқталды. 15 күннен 10 күндік режимге көшу мәселесі сөз етілді.
Сонымен қатар, қашықтықтан жұмыс режимін алып тастау, оның қызметкерлеріне жалақының 70%-ы мөлшерінде ақы төлеу арқылы мәжбүрлі жұмыссыз тұру режимін алып тастау сияқты мәселелердің өзектілігі атап өтілді.
Тараптар осы жылдың шілдесінен бастап компанияның кен орындарындағы бұрынғы жұмыс режимін қалпына келтіру мәселесі бойынша ортақ ұстанымды білдірді.
«Бұрынғы жұмыс режимін қалпына келтіру және жұмыстың тоқтап тұруының болмауы қызметкерлердің жалақысына тиімді әсер етеді және компанияға өндіріс көлемін қуып жетуге мүмкіндік береді. Бұл мәселе бойынша әлеуметтік әріптестермен келіссөздер нәтижелі болды, біз бірлескен позицияны әзірледік, бірнеше күннен кейін жұмысшылар кәсіпорын үшін штаттық режимде жұмыс істей бастайды», – деді Сұлтан Қалиев.
Кездесу барысында еңбек жағдайларын одан әрі жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қызметкерлердің денсаулығына қатысты мәселелер бірінші кезекте тұруы керек. Жүргізіліп жатқан еңбекті қорғау шараларының жай-күйін бақылау бойынша өндірістік кеңестің жұмысын жандандыру үшін шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті Сұлтан Қалиев.
Сондай-ақ, тараптар кәсіпорынның экономикалық жағдайын ескере отырып, қызметкерлерді материалдық ынталандыруды жақсарту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде барлық мәселелер компания басшылығы тарапынан қолдау тапты.
Жұмыс беруші өз тарапынан кәсіпорын тұрақты режимде жұмыс істейтінін, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық ахуал тұрақты болып қалатынын және еңбек дауларының туындауына алғышарттар жоқ екенін атап өтті.
22 маусымда Сұлтан Қалиев Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлымен кездесті. Кездесу барысында кәсіподақ көшбасшылары кәсіподақ орталығының еңбек дауларының алдын алу және сақтандыру, кәсіподақтардың рөлін күшейту, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту бойынша ҚАЗМҰНАЙГАЗКӘСІП салалық кәсіподақ ұйымымен одан әрі өзара байланыс орнату мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, кәсіподақтар қызметінің барлық мәселелері бойынша тиімді шаралар қабылдаудың және 2020-2025 жылдарға арналған ҚРКФ қызметінің Стратегиясын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында Кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы бүгінде облыста әлеуметтік шиеленісті реттеу және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, бұл мәселе апта сайын өткізілетін Маңғыстау облысының әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аймақтық үшжақты комиссиясының тұрақты бақылауында.
Кәсіпорындардағы әлеуметтік тұрақтылық – әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізі
23 маусымда ҚРКФ төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының есеп беру-сайлау конференциясына қатысты.
Кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясының жұмысы туралы есептерді тыңдап, кәсіподақ форумына қатысушылар жергілікті кәсіподақтың сайланбалы органдары – кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясының жұмысының тиімділігін атап өтті.
Есеп беру-сайлау конференциясы барысында кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.
Форумның маңызды сәті – 2 үміткерден баламалы негізде өткізілген жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасын сайлау болды.
Көпшілік дауыспен бұған дейін «Жетібаймұнайгаз» кен орнында жұмыс жасаған Мәди Кентанов жергілікті кәсіподақтың төрағасы болып сайланды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселе – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жыл басында қол қойылған жаңа ұжымдық шарттың орындалуын қарау болды.
Құжат қызметкерлерге қосымша әлеуметтік төлемдер қарастырады. Алдыңғы ұжымдық шартпен салыстырғанда қызметкерлерге берілетін әлеуметтік төлемдер мен қолдаудың жалпы көлемі 1,5 миллиард теңгеге ұлғайтылды.
Бұл шаралар кәсіподақ пен жұмыс беруші атынан әлеуметтік әріптестер арасындағы өзара әрекеттестік пен өзара түсіністіктің жаңа деңгейін көрсететіні атап өтілді.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев форумда сөз сөйлеп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жергілікті кәсіподағының салалық кәсіподақтың қалыптасуы мен дамуына және еңбек ұжымдарындағы беделінің артуына қосқан үлесін атап өтті.
«Кәсіпорындардағы әлеуметтік тұрақтылық әлеуметтік және еңбек қатынастарының негізі болып табылады. Ұжымдық келісімдерді дамытуда және бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыруда кәсіподақ комитеті үлкен жұмыс жасады. Мен жеке кәсіподақ комитетінің бұрынғы төрағасы, ҚРКФ Бас кеңесінің мүшесі Тарген Мысанбаевтың жетекші мұнай-газ компаниясы кәсіпорнында ғана емес, сонымен қатар, бүкіл республика бойынша мұнай-газ саласында әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытудағы еңбегін ерекше атап өткім келеді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Ол жергілікті кәсіподақ пен бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестікте кәсіподақ рөлін арттыру, ең ірі мұнай-газ компаниясы қызметкерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі стратегиялық міндеттеріне тоқталды.
Сұлтан Қалиев қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі қызметі, сондай-ақ тұрақтылықты сақтау, мұнай-газ кәсіпорындарындағы еңбек дауларының алдын алу және болдырмау жөніндегі ҚАЗМҰНАЙГАЗКӘСІП салалық кәсіподағының қызметі туралы хабардар етті.
ҚРКФ төрағасы орынбасарының өңірге сапары Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлымен және «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС жұмысшылар кәсіподағының төрағасы Марат Темірқасовпен мәжілісімен аяқталды.
Кездесу барысында Тәуекелдер картасында көрсетілген кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленістің барлық мәселелері шешілгені айтылды. 2 кәсіпорында – «Кезби» ЖШС және «GSR Phoenix» ЖШС әлі шешілу үстінде.
Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі әлеуметтік әріптестермен барлық келісімдер отырыстардың хаттамасында бекітіледі, оған қол қою ағымдағы жылдың 25 маусым күні әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аймақтық үшжақты комиссияның отырысы аясында жүзеге асырылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы