Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Жамбыл су» МКК-дағы бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.
1952 жылы құрылған «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жерасты суларын өндіру және қала тұрғындары мен кәсіпорындарын ауыз сумен қамту, сүзу алаңдарына ағынды кәріз суларын қабылдау және бұрумен айналысады.
Кәсіпорын қызметкерлерінің саны – 581. Оның 463-і кәсіподаққа мүше. Бастауыш кәсіподақ ұйымы «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының құрамына кіреді. Кәсіпорындағы әлеуметтік және еңбек қатынастары 2021-2025 жылдарға арналған ұжымдық шарт арқылы реттеледі. Кездесуде мәлім болғандай, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы жыл сайын ұжым алдында тараптар қабылдаған міндеттемелердің орындалуы туралы есеп беріп отырады. Ұйым өз жұмысында кәсіподақ мүшелерін материалдық тұрғыдан қолдау көрсетуді басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Бұл мақсатқа былтыр 11 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Кездесуде еңбек ұжымы тарапынан көтерілген басты мәселе – еңбекақының мардымсыздығы болды. Мемекемедегі орташа жалақы – 118 800 теңгені құрайды. Осындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бахтияр Қарауыловтың айтуынша, облыс бойынша орташа жалақы 162 000 теңгенің шамасында. Алайда бірлестік төрағасы бұл мәселені ұжымдық шарт аясында да шешуге болатынын ескертті.
Кездесуге қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бастауыш кәсіподақ жұмысына жоғары баға беріп, тиімді әлеуметтік әріптестік үшін кәсіпорын басшылығына ризашылығын білдірді. Мейрамбек Төлепберген осыдан екі күн бұрын жетінші шақырылған Мәжілістің алғашқы сессиясы аяқталғанын және есепті кезеңде төменгі палата депутаттары 49 заң жобасын мақұлдағанын айта келе, солардың арасындағы қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеу туралы заң жобасына кеңірек тоқталды. Сөзінің соңында бастауыш кәсіподақ белсенділерінің назарын еңбек ұжымдарында коронавирусқа қарсы екпені салдыру қажеттігі туралы үгіт-насихат жүргізу мәселесіне аударды.
«Өздеріңіз білесіздер, елімізде коронавирустың ең қауіпті түрлерінің бірі – үнді штаммы табылды. Қауіп қайта күшейгелі тұр. Оны тоқтатудың басты жолы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру яғни халықты жаппай вакциналау. Вакцинадан бас тарту – отпен ойнағанмен тең. Оның тиімділігі ғылыммен дәлелденген. Сондықтан кәсіподақтар еңбек ұжымдарында осы мәселеге де баса назар аударғаны жөн»,-деді депутат.
Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева да «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына тоқталды.
«Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулардың 95%-ы жұмыскерлердің жағында. Енді бұдан былай қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек құқықтары Еңбек кодексімен қорғалатын болады. ҚР Парламент Мәжілісіндегі кәсіподақтық депутаттар бұл нормаларды енгізуге барынша тырысып бақты»,-деді Екатерина Смышляева.
Депутат мәжілістің алғашқы сессиясында ел азаматтарының жағдайын жақсартуға бағытталған өзге де заң жобалары туралы айтып берді.
«Сіздердің салаларыңыз яғни коммуналдық қызмет саласына келсек, қазір Мәжіліс комитеттерінде коммуналдық шаруашылық саласындағы кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім талқыланып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, былтыр жыл аяғында Үкімет «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулыға қол қойған болатын. Білуімше, сіздердің кәсіпорындарыңыз мемлекеттің меншігінде. Бір жағынан біз бұл саясатты қолдаймыз. Себебі мемлекетке коммуналдық кәсіпорындардың бәрін өз балансында ұстап тұру қиын. Екінші жағынан бұның өз тәуекелдері бар. Өйткені мұндай кәсіпорындар нарығына келетін инвесторлардың осы саладағы жұмыскерлер алдындағы жауапкершілігі жеткілікті деңгейде болмауы мүмкін. Сондықтан біз өз тарапымыздан сала қызметкерлерін осындай жағымсыз өзгерістерден қорғап, тек жағымды өзгерістерге ғана барынша қолдау білдіруге тырысатын боламыз»,-деді Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар, ол жұмыс берушіні 5% көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттейтін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесі жинақталғанын айтып, күзде Үкіметке оны кеңейту туралы ұсыныспен шығу жоспарланып отырғанын жеткізді. Екатерина Смышляева факторлық-балдық жүйеге негізделген мемлекеттік қызметшілердің жаңа еңбекақы жүйесінің тұжырымдамасын жасау және енгізу бойынша жұмыстардың да аяқталуға жақын қалғанын баяндады. Жаңа жүйені енгізудің арқасында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы айтарлықтай өседі деген болжам бар.
«Жалпы алғанда біз еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселесінде Кәсіподақтар федерациясының тұжырымдамасын ұстанамыз. Атап айтқанда, ең төменгі жалақыны инфляцияның өсу деңгейінен төмен емес деңгейде жыл сайын индекстеуді енгізу және оны заңнамада бекіту бойынша федерациямен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп қолға алып жатқан жұмыстардың тағы бір парасы – өзін-өзі жұмыспен қамту, платформалық және бейресми жұмыспен қамтуды заңдастыруға ықпал етуге қатысты,- деді Екатерина Смышляева. Сөзінің соңында депутат коронавирусқа байланысты Нұр-Сұлтанда қауіпті жағдай қалыптасып отырғанын ерекше атап өтіп, кездесу қатысушыларын вакцинация мәселесіне атүсті қарамауға шақырды.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Жамбыл су» МКК-дағы бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысына оң бағасын беріп, жұмыс берушіге жұмыскерлер жалақысын ұжымдық шарт аясында облыстағы орташа жалақы деңгейіне дейін көтеру мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары федерацияның еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық міндеттері мен оның жүзеге асырылуы деңгейіне тоқталып, кәсіподақ мүшелері стратегияда белгіленген мақсаттарға тек бірлікте ғана жететінін еске салды. Нұрлан Өтешев өзге әріптестері сияқты кездесу қатысушыларына вакцинаның профилактикалық маңызы туралы айтып, кәсіподақ мүшелерін еңбек ұжымдарында коронавирустан сақтану талаптарын қатаң ұстануға шақырды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы