Еңбеккер бейнесінде – өз саласының білгірі Жаннат Тілеулесқызы Кудеринова

Жаннат Тілеулесқызы Кудеринова Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінде Үй шаруашылықтарын зерттеу басқармасының бас маманы болып еңбек етеді.

Ж. Кудеринова 1969 жылдың 1 наурызында Ақмола облысы Шортанды ауданы, Егемен ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Он ағайындының үшіншісі ол жас кезінен зерек, алғыр, еңбекке бейім болып өсті. 2003 жылы Целиноград мемлекеттік педагогикалық университетінің физика-математика пәнінің оқытушысы мамандығын алады. 2007 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан техникалық-инженерлік академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдайды.

Жоғары білім жинақтаған соң мемлекеттік қызмет саласына бет бұрып, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне қызметке тұрады. Бастамашыл, жауапты, адамдармен қарым-қатынас жасауда әдептілігі мол Ж. Кудеринова алғашында интервьер болып жұмыс істеп, Ұлттық санақты жүргізу жұмысына қатысады. Содан кейін жетекші маман, 2014 жылдан бастап бас маман қызметін атқарады. Қазіргі уақытта ол халықтың тұрмыс деңгейінің негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторлары туралы статистикалық есептіліктің мәліметтерін қалыптастырумен айналысады.

Әріптестерінің арасында сыйлы, тығыз байланыста бірлесе жұмыс істейтін қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Жаннат Кудеринова 2016 жылдан бастап аталған департаменттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып келеді. Мекемеде еңбек ететін 98 мемлекеттік қызметшінің барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады. Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, кәсіби және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыс істейді. Әріптестерінің мерейлі жастарымен, кәсіби және мереке күндеріне орай, сондай-ақ ардагерлерді құттықтап отырады. Кәсіподақ қызметін жетілдіру бағытында салалық кәсіподаққа өз ұсыныстарын айтып отырады.

Ж. Кудеринова еліміздің дамуына өз үлесін қосып, мемлекеттік қызметті үлкен жауапкершілікпен адал атқарып жүрген еңбегі үшін 2020 жылы Қазақстан мемлекеттік статистиканың жүз жылдығына арналған «Статистика үздігі» медаліне ие болды. Күні кеше Мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекесінде «Қызмет» салалық кәсіподағы атынан «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.