Бүгін елордалық салалық кәсіподақтар құрылымы өкілдерінің қатысуымен өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында қала кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек дауларының туындау тәуекелдері және оның алдын алу, кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйіне кәсіподақтардың ықпалын арттыру мәселелері айтылды.
Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ең маңызды мәселелердің бірі лайықты еңбек шарттарын, соның ішінде лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқын қорғау жөнінде ағымдағы жағдайды баяндай келе, еңбек дауларының алдын алу және оны шешу басты міндет екенін, осы бағытта жұмысты жетілдіру қажеттігін айтып өтті. Әсіресе, кәсіподақ ұйымы бар жерде әлеуметтік әріптестік шеңберінде уақтылы шешім қабылдауға бейім болуға, жұмысшылардың сеніміне кіріп, олардың проблемалық мәселелерін шешуге, сондай-ақ, кәсіподағы жоқ кәсіпорындарда да еңбек дауларының туындау тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.
Отырыста ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?!» акциясы аясында жоспарланған ірі кәсіпорындардағы бастауыш ұйымдармен өткізілетін кездесулердің дайындығы пысықталды.
Одан әрі Т.Күнәділов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасындағы «Еңбек жолы» байқауларына қатысуға белсенділік танытуға шақырды.
Үйлестіру кеңесіне қатысушылар жоғарыда аталған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізіп, талқылап пікір алысты.